2 млрд теңге жымқырған Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры қылмыстық жауапкершіліктен босатылды
2 млрд теңге жымқырған Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директорына үкім шықты. Бұл туралы Атырау облыстық соты хабарлады.
Сот «Атырау мұнай өңдеу зауытының» («ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес кәсіпорны) бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовтың қылмыстық іс бойынша мерзімнің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
«Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды. Атырау қаласының №2 соты Мұрат Досмұратовтың зауыт жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ете алмағанын және өндірістік мәселелер бойынша дұрыс шешімдер қабылдамағанын анықтады. Сондай-ақ ол мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалармен теңестірілген», – делінген хабарламада.
Досмұратов ЖШС мердігер компаниясының кепілдік міндеттемелері аясында жылуалмастырғышты жөндеудің орнына, жөндеу жұмыстарына тендер жариялаған. Соның салдарынан негізсіз түрде 2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
ҚР заңнамасына сәйкес, 371-баптың 2-бөлігі бойынша қылмыс жеңіл санатқа жатады. Мұндай жағдайда қылмыс жасалған уақыттан бастап екі жыл өткен соң, қылмыстық жауапкершілік алынып тасталады. Сот шешімімен Досмұратовтан мемлекет пайдасына 2 млрд теңге өндірілді. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
1963 жылы туған Мұрат Досмұратов Мәскеу мұнайхимия және газ өнеркәсібі институтын «Инженер-химик-технолог» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары «ҚазМұнайГаз», Kazakhstan Petrochemical Industries, KLPE және басқа да компанияларда басшылық қызметтер атқарған. Ол 2022 жылдың шілдесінен 2024 жылдың қаңтарына дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры қызметінде болды.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айында Атырау мұнай өңдеу зауытының тағы бір экс-директоры Шухрат Данбай 4,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Оған қызметтік өкілеттігін өз мүддесіне пайдаланды деген айып тағылған болатын. Шухрат Данбай 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың шілдесіне дейін зауытты басқарған. Ол 2022 жылдың ақпан айында ұсталған еді.