Көшпенділерге арналған Neo Nomad визасын қалай алуға болады?
Қазақстан шетелдік азаматтарға өз елдеріндегі компанияларда қашықтан жұмыс істеуді жалғастыра отырып, ел аумағында бір жылға дейін тұруға мүмкіндік беретін Neo Nomad Visa визасын енгізді.
Neo Nomad Visa дегеніміз не?
Бұл виза шетелдік қашықтан жұмыс істейтін мамандарға арналған. Neо Nomad Visa иелері Қазақстанда өмір сүріп, жұмысын жалғастыра алады, бірақ бұл виза ел ішінде жұмысқа орналасуға құқық бермейді. Сондай-ақ виза иелеріне Қазақстанда табыс салығын төлеу міндетті емес, себебі олардың кірісі басқа елде тіркелген.
Neo Nomad Visa-ны алу талаптары
Бұл визаны алу үшін үміткерлер келесі құжаттарды дайындауы керек:
1. Банктік есеп шоты – соңғы 6 айда ай сайынғы кіріс кемінде 3 000 АҚШ долларын құрауы тиіс.
2. Салық декларациясы – өз еліңізде тіркелген кірісті растау қажет.
3. Сотталмағаны туралы анықтама – үміткердің азаматтығы немесе тұрып жатқан елінен алынуы тиіс.
4. Медициналық сақтандыру – виза мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болуы қажет.
5. Туристік компаниядан шақыру қағазы – 48 елдің азаматтарына талап етілмейді.
Құжаттарды рәсімдеу тәртібі
Neo Nomad Visa алу үшін өтініш беруші Қазақстанның шет елдердегі елшілігіне немесе консулдық мекемесіне жүгінуі тиіс. Құжаттарды қарау мерзімі – 5 жұмыс күні. Виза 1 жыл мерзімге беріледі және оны ұзарту мүмкіндігі бар. Негізгі өтініш берушінің отбасы мүшелері де осы визаны ала алады.
Neo Nomad Visa бағдарламасы туралы толық ақпарат пен шақыру қағазы талап етілмейтін елдердің тізімін тиісті ресми сайттан көруге болады.