Жаңалықтар

Канадалық компания Павлодар облысында мыс пен алтын іздеу үшін белсенді бұрғылау жұмыстарын бастамақ

Павлодар облысында мыс пен алтын іздеу үшін бұрғылау жұмыстары жүргізілмек / фото: shutterstock

Канададағы Arras Minerals компаниясы 2025 жылдың бірінші жартысында Павлодар облысындағы кен орындарында мыс пен алтын іздеу үшін белсенді бұрғылау жұмыстарын бастауға дайындалып жатыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

2024 жылы Arras Minerals 1,7 мың шаршы шақырым аумақта ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстары Бесқауға, Елемес және Тау жобалары орналасқан аумақтарда (Экібастұз маңында) жүзеге асырылды. Компания 435 ұңғыма бұрғылап, 35 мың топырақ сынамасын жинаған. Осы зерттеулер нәтижесінде, 2025 жылы бұрғылау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Біз 2025 жылдың бірінші жартысында алғаш рет зерттелетін бірнеше басым мыс нысандарында бұрғылау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз», – деді компания басшысы Тим Барри.

Зерттеулер екі аумақта жүргізілді. Бірінші аумақ – 1,3 мың шаршы шақырым, Екібастұздан солтүстік-батысқа қарай 56 шақырым жерде орналасқан. Бұл аумақта KAZ Minerals компаниясының Бозшакөл кеніші бар. Екінші аумақ – Екібастұздан оңтүстік-шығысқа қарай 90 шақырым жерде орналасқан және Аққұдық пен Норғұбек жобаларына бөлінген.

Arras Minerals Қазақстанда мыс пен алтын өндіруге лицензиясы бар компаниялар арасында көлемі бойынша Rio Tinto мен Fortescue компанияларынан кейін үшінші орынды иеленеді. 2023 жылдың желтоқсанында компания канадалық Teck Resources Limited компаниясымен келісімге қол қойды. Осы келісім аясында TRL 2024-2025 жылдары геологиялық барлау бағдарламасын қаржыландыру үшін Arras Minerals компаниясына 5 млн доллар бөлмек. Сонымен қатар Teck Бесқауға жобасының 10% үлесіне ие.

Arras Minerals президенті Даррен Клинк қыркүйек айының соңында Канаданың Kitco Mining басылымына берген сұхбатында Қазақстан туралы үш жыл бұрын аз білгенін, бірақ бүгінде бұл елді соңғы 20 жылда жұмыс істеген ең қолайлы мемлекеттердің бірі деп санайтынын айтты.

«Бұл ел соңғы бес-алты жылда үлкен өзгерістерді бастан өткерді. Олар бизнестің барлық саласында ауқымды реформалар жасады. Ал тау-кен саласына келсек, олар Батыс Австралияның тау-кен кодексін көшіріп, оған Онтарио мен Квебектің озық элементтерін қосты. Қазір ірі тау-кен компаниялары бұл жерге келе бастады. Сондықтан мен үшін бұл жолда тек жағымды таңғалыстар болды. Бұл юрисдикция тұрғысынан соңғы 20 жылда жұмыс істеген ең ыңғайлы орындардың бірі», – деді Клинк.