Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Biz Birgemiz Kazakhstan қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Перизат Қайраттың 1,5 млрд теңгені және палестиналықтарға арналған 200 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болғаннан кейін, Елнұр Бейсенбаев бұл іске тергеу қорытындысы шықпайынша, түбегейлі баға беруге болмайтынын айтты.
«Әрбір қайырымдылықпен айналысатын адам жинаған қаржының дұрыс бағытта жұмсалуына жеке жауапты. Сондықтан мұндай істер бойынша әділ тергеу жүргізілуі керек», – деді ол.
Сондай-ақ депутат Перизат Қайратты ерікті ретінде танитынын айтып, қорға «Amanat» партиясының қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Қордың партияға ешқандай қатысы жоқ. Үш жыл бұрын бұл істі бастаған жігіттер ерікті ретінде белсенділік танытқан. Матюшенко Сергей, Мағзұм Арсланбекпен кезінде өзім бірге ерікті болып жұмыстар атқардық. Кейін олар әртүрлі жетістіктерге жетіп, партияның мүшесі атанды. Бірақ бұл олардың сол кезден бастап партиямен байланысы бар дегенді білдірмейді», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар депутат пандемия кезінде волонтерлердің 600 мыңнан астам қазақстандыққа көмек көрсеткенін және жеке өзі аталмыш қорға ешқандай қаржы аудармағанын айтты.
Айта кетейік ашық деректерде «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының құрылтайшылары ретінде 10 адам тіркелген. Бірінші жетекші құрылтайшысы ретінде Перизат Қайрат көрсетілген. Одан бөлек мына адамдар қор құрылтайшылары ретінде тіркелген:
- Матюшенко Сергей Владимирович;
- Мағзұм Арсланбек Талғатұлы;
- Тұрғанбай Шадияр Докторұлы;
- Аманбай Аружан Оразбайқызы;
- Болысов Тоқтар Коммунарович;
- Хисматуллин Дамир Сакенович;
- Серикжанова Айгерім Тельжанова;
- Сейітқамал Гүлназ Нұрланқызы;
- Хафиза Аян Бауыржанұлы.
Еске сала кетсек, Қаржы мониторингі агенттігі «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі ұсталғанын, оның 2024 жылдың көктемінде елдің 10 облысында болған су тысқыны кезінде халыққа көмекке деп жиналған 1,5 млрд теңгеге жуық қаражатты ұрлады деп күдікке ілінгенін хабарлады.