Lifestyle

Шахматтан Қазақстан кубогының жеңімпаздары анықталды

Шахматтан Қазақстан кубогының жеңімпаздары анықталды / фото: kazchees

Алматыда өткен 2024 жылғы шахматтан Қазақстан Кубогының финалдық турнирінде 24 жастағы павлодарлық гроссмейстер Денис Махнёв пен ФИДЕ туы астында өнер көрсеткен 21 жастағы Екатерина Гольцева жеңіске жетті. Турнир классикалық шахмат бойынша нокаут жүйесінде ұйымдастырылып, 12 қарашада басталды.

Ерлер арасындағы финалға 2021 жылғы Қазақстан чемпионы, халықаралық гроссмейстер Денис Махнёв пен 2022 жылғы ел чемпионы Рамазан Жалмаханов шықты. Екеуі де жартылай финалда армагеддонға дейін жетіп, қарсыластарын тізе бүктірген болатын.

Финалдық ойын Денис Махнёвтің шеберлігі мен стратегиясына негізделді. Классикалық және рапид партияларында тең есеп тіркелсе, блицтің бірінші партиясында Махнёв қара фигуралармен қарсыласын жеңді. Ақ фигуралармен екінші партияда да үстемдік көрсетіп, 4–2 есебімен жеңісті өз еншісіне жазды.

Әйелдер арасында Екатерина Гольцева жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, Қазақстан Кубогының иегері атанды. Оның ерекше дайындық деңгейі мен стратегиялық шеберлігі жарыс бойы қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады.

Қазақстан Кубогының финалдық турнирі шахмат әуесқойлары үшін нағыз тартысты әрі көрнекті оқиға болды. Турнирге 16 ер және 16 әйел шахматшы қатысып, еліміздің үздіктері анықталды.

Айта кетейік, ерлер арасындағы жеңімпаз 5 млн теңге алса, финалшыға 4 млн теңге бұйырды, ал 3-ші орын үшін 3 млн, 4-ші орын үшін 1 млн теңге табыс етіледі. Әйелдер арасында жаалған тиісті төлемдер 2,5 млн теңге болды, 1,7 млн теңге, 700 мың және 500 мың теңге. Финалдың жалпы жүлде қоры 23 млн теңге болды.