Жаңалықтар

Шардарада білім бөлімінің қызметкерлері 3,7 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Шардарада білім бөлімінің қызметкерлері 3,7 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шардарада білім бөлімінің қызметкерлері 3,7 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Антикор мәліметінше, Түркістан облысында Шардара аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

2020-2023 жылдар аралығында 12 адамнан тұратын ұйымдасқан топ, оның ішінде бөлім басшылары мен бухгалтерлердің бюджет қаражатын иемдену мақсатында нақты жұмыс істемеген тұлғаларға заңсыз жалақы аударып, өздерінің жеке шоттарына ақша аударғаны анықталды.

Мемлекетке келтірілген залал көлемі 3,7 млрд теңгені құрады. Тергеу шаралары нәтижесінде 639,8 млн теңге сомасында залал өтеліп, күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, прокуратураға жолданды.

Жалпы 2023 жылдың басынан бері білім саласында 297 қылмыстық іс қаралған. Ең ірі қаржылық ұрлық фактілері Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды. 406 адам қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны әшкереленіп, олардың 196-сы түрлі жазаларға кесілді.