Қазақ тілді ақпарат құралдарындағы контентті оқитын/көретін аудиторияның сұранысын анықтау мақсатында жүргізілген зертттеудің нәтижелері жарияланды. Бұл зерттеуді Kursiv.media тапсырысымен URTG зерттеу компаниясы жүргізген болатын.
Мұнда негізгі мәселе соңғы кезде БАҚ-та жарияланатын контенттің қазақтілді аудитория сұранысына сай болмауы болды.
Осы мәселені нақтылау мақсатында жүргізілген зерттеу барысында қазақтілді оқырманның/көрерменнің жалпы портреті жасалды. Ақпаратты негізінен қазақ тілінде алатын жандар еліміздің қай аймақтарында тұратыны, табысы қанша екені, қандай іспен шұғылданатыны анықталды.
Қазақтілді медиа аудиториясы
Қазақ тіліндегі іскери және ақпараттық медиа басылымдарды тұтынушылар аудиториясының елеулі бөлігі – 16-25 жас аралығындағы жастар, оқушылар, ауылдық жерлердегі тұрғындар, дегенмен негізгі тұтынушылар 25-34 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ табыс деңгейі орташадан жоғары немесе төмен респонденттер. Қазақ тіліндегі іскери контентті тұтыну Түркістан және Қызылорда облыстарында айтарлықтай жоғары екені анықталды.
Сонымен қатар қазақтілді іскери басылымдарды тұтынушылар негізінен – декреттік демалыстағы әйелдер екен, олардың үлесі айтарлықтай: 15,7%-ды құрайды.
Қазақтілді аудитория ақпаратты қайдан алады?
Қазақтілді аудиторияның ақпарат алатын негізгі арнасы әлеуметтік желілердегі топтар мен қауымдастықтар (негізінен – Instagram жаңалықтар арналары). Сондай-ақ YouTube, іздеу жүйелері, мессенджерлердегі қауымдастықтар және Интернет-басылымдар.
Facebook, VK, Threads әлеуметтік желілеріндегі медиа құралдардың аккаунттары дәл осыншалықты танымал емес. Ал мерзімді баспасөз аудиториясы айтарлықтай аз.
Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі Instagram желісінде қазақ тіліндегі материалдар жетіспейтінін атап өтті. Сондай-ақ респонденттер YouTube және Telegram алаңдарында қазақша контентке сұраныс бар екенін көрсетіп отыр.
TikTok әлеуметтік желісі 16-24 жас аралығындағы жастар арасында қатты танымал. Бір қызығы, орта жастағы респонденттерден айырмашылығы, 60-тан асқан жандар арасында да TikTok-ты пайдаланатындар кездеседі, дегенмен жастарға қарағанда анағұрлым сирек.
Қандай ақпаратқа сұраныс басым?
Сауалнама барысында сұхбат берген сарапшылардың бірі, қазақ тіліндегі сапалы контентке деген сұраныс «төменнен», яғни аудитория тарапынан туындайтынын айтады. Алайда, оның пікірінше, контент-мейкерлер әрдайым бұл сұранысты қанағаттандыра бермейді. Сарапшы аудиторияға қажет тақырыптар толық қамтылмай отырғанын айтады.
Жастар кітап, мақала, жаңалықтар оқығанда, музыка мен подкаст тыңдағанда, Интернетте бейнероликтерді көргенде қазақ тілін жиі пайдаланатынын атап өткен.
Ал сауалнама қатысушылары негізінен контент тіліне қарамастан, денсаулық пен сұлулық тақырыбына қызығатынын айтқан. Зерттеу нәтижесінде анықталған аудиторияға қызық ТОП-5 тақырып қатарында аспаздық, психология және қарым-қатынас, саяхат, әлеуметтік және қоғамдық тақырыптар, ата-ана болу және бала тәрбиесі бар.
Айта кету керек, қызығушылық ең төмен тақырыптар қатарында экология, компьютерлік ойындар, қолөнер, қылмыс хроникасы, декор және дизайн тұр.
Қазақ тілінде ақпарат алуға не кедергі
Респонденттердің басым бөлігі қазақ тілінде ақпарат алудың маңызды екенін атап көрсеткен. Әсіресе, жастар үшін бұл ұлттық бірегейлікке ұмтылыс болып саналады. Сарапшылардың пікірінше, әсіресе, 2022 жылы аймақта болған геосаяси жағдайдан кейін қазақ тілін қолдануға деген талпыныс күшейген. Дейтұрғанмен қазақ тіліндегі контентті кеңінен пайдалануға кедергі болып отырған жайттар да жоқ емес.
Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, қазақ тілін қолдану кезінде туындайтын негізгі кедергі салалық тақырыптарда жазылған мәтіндерді оқу кезінде туындайды. Сонымен қатар фильмдер, интернетте бейнероликтерді көру барысында қазақ тіліндегі сапалы материалдың болмауы да басты кедергілердің бірі ретінде аталып өтті. Сондай-ақ іскери пікір-алмасу кезінде де қазақ тілін қолдануға кедергі көп екені айтылды.
Зерттеуге қатысқан фокус-топ өкілдері мен сарапшылар да еліміздегі құжат айналымының толықтай қазақ тіліне өтпеуі тілді қолданудағы басты кедергі екенін атап өтті.
Ал сауалнамаға қатысушылар қазақ тілін қолдану кезіндегі басты үш кедергі ретінде түсініксіз күрделі техникалық ұғымдар, материалдың қазақ тілінде тым әдеби түрде берілуі және басқа тілден сапасыз аударылуын атапты.
Айта кету керек, зерттеуге еліміздің әр өңіріндегі ауыл-қалаларда тұратын 1600 респондент қатысты. Сондай-ақ фокус-топтар арқылы да пікірлер талқыланды. Медиасарапшылардан, оның ішінде қазақ тілді басылымдардың бас редакторларынан сұхбат алынды. Статистикалық әдістер арқылы өңделген деректер қорытындысын жалпы ел бойынша көрсеткіш ретінде қолдануға болады. Зерттеудің толық нұсқасын осы тұстан жүктеп алуға болады.
Орыс тіліндегі нұсқасы осы сілтемеде.