Жаңалықтар

Жасанды интеллект Алматы мен Астана тұрғындарын бақылайтын болды

Ол іздеу салынған адамдарды танып, қоғамдық орындарда қалған күдікті заттар жөнінде белгі береді /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жасанды интеллект Алматы мен Астана тұрғындарының тәртібін қадағаламақ. Еліміздің екі ірі қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық бейнемониторинг жүйесін үш ведомство – Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесе отырып әзірлепті.

«Ұлттық бейнемониторинг жүйесінде жасанды интеллект технологиясы қолданылады. Ол іздеу салынған адамдарды танып, қоғамдық орындарда қалған күдікті заттар жөнінде белгі береді. Құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп отырады. Сонымен қатар көлік маркасын, үлгісін, түсін танып, сәйкестендіруге қабілетті», – делінге хабарламада.

Министрліктің ақпаратына қарағанда, «ақылды» камералар адам көп шоғырланатын маңызды нысандарды – теміржол вокзалдарын, қонақүйлерді, әуежайларды, көшелерді және сауда ойын-сауық орталықтарын бақылайды.

ІІМ дәйегінше, бұл жүйенің тиімділігі дәлелденіп отыр.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік туды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, бейне-талдау жүйесі арқылы елордада іздеуде жүрген 46 күдікті ұсталыпты. Алматыда жасырынып жүрген 30 адам анықталған.

ІІМ пікірінше, бұл технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, қылмысты азайтуға септігін тигізеді. Мұны Қытай, Ресей және Еуропа да қолданып жатыр.

Айта кететін жайт, Қазақстанда 1 млн 359 мың бейнекамера орнатылған. Оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары мен полицияға ақпарат беріп отырады.