
UzAuto Motors механикалық Chevrolet Cobalt көліктердің сатылымнан алынады деген ақпаратты ресми түрде терістеді. Бұл туралы Kun.uz порталы жазды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Фейк болып табылады», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
UzAuto Motors-тың мәліметінше, компания Chevrolet Cobalt MT көліктерін өндірістен шығару туралы ресми хабарлама жолдамаған.
«Медиа саласының өкілдері мен блогерлерден жаңсақ, тексерілмеген ақпарат таратпауды өтінеміз», – дейді компания өкілдері.
Мұның алдында UzAuto Motors Chevrolet Cobalt MT көліктерін сатылымнан алып тастайды деген ақпарат жарияланды. Онда механикалық Cobalt-тар енді шықпайтыны, жақын арада сатылымда болмайтыны айтылған.
Аutostrada.uz порталының ақпаратына қарағанда, Chevrolet.uz сайтында жарияланған Cobalt-тің жаңартылған прайс-листінде бұл үлгі болмаған. Онда тек қана Optima AT, Style AT және Midnight комплектацияларын сатып алуға келісімшарт жасасуға болатыны көрсетіліпті. Портал бұған қатысты механикалық Chevrolet Cobalt-тер енді шықпайды, сатылмайды деп қате ұйғарым жасаған.