Елшілік Ресейге барған қазақстандықтардың саусақ іздерін тапсыруға міндетті болатынын ескертті
Ресейге барған қазақстандықтар енді биоматериал тапсыратын болды. Жаңа ереже 1 желтоқсаннан бастап іске асырылмақ. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігі хабарлады.
Алдымен қазақстандықтардан саусақ іздерін алып, бет-әлпетін сканерден өткізеді. Әзірге тек Мәскеу әуежайлары мен бір шекара бекітінде биоматериал жинай бастайды.
«Тәжірибенің бастапқы кезеңінде, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін Мәскеу халықаралық әуежайларына (Домодедово, Шереметьево, Внуково және Жуковский) ұшып келген, сондай-ақ Орынбор облысындағы Маштаково көлік өткізу бекеті арқылы шекарадан өткен Қазақстан азаматтары биометрикалық мәлімет – түр-әлпетінің суреті және саусақ іздерін тапсыруға міндетті», – деп ескертті Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.
2026 жылдың жаз айынан бастап қазақ-ресей шекарасындағы барлық өткізу бекеттінде бұл норманы енгізу жоспарланып отыр. Содан Ресейге кіргендерге цифрлық профиль жасалмақ.
«Сонымен қатар мұндай профильді RuID қосымшасы арқылы дербес жасауға да болады. Ол – басқа мемлекет азаматтарына арналған мемлекеттік қызмет көрсетудің баламасы. Ресей аумағына келгені туралы хабарлап, медициналық сақтандыру рәсімдеу секілді түрлі қызметтерді ала алады. Цифрлық профиль мемлекеттік қызметтерді қоса алғанда, бірқатар мемлекеттік жүйеге интеграцияланады», – делінген елшіліктің хабарламасында.
Бұл қосымша рәсімдер дипломаттар мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне және алты жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды.
Мұның алдында Ресейдің Ішкі істер министрлігі шетел азаматтарын елге кіргізу кезінде фото және саусақ іздерін алуды көздейтін пилоттық жобаны әзірлеп жатқаны туралы жазғанбыз.