Ресейдің қорғаныс министрлігі Украина қарулы күштерінің Брянск облысындағы нысандарға алты ATACMS зымыранымен соққы бергенін хабарлады. Украина әскерилері де Карачев қаласы маңындағы қару-жарақ қоймасын нысанаға алғанын растады. Бірақ қандай қару қолданғаны жөнінде нақты ақпарат бермеген. Бұл туралы BBC хабарлады.
Ресейдің әскери ведомствосының мәліметіне қарағанда, зымыранға қарсы ұрыс кезінде ресейліктер С-400 зенитті зымыран жүйесі және «Панцирь» зенитті зымыран-зеңбірек кешені арқылы бес ATACMS зымыранын атып құлатқан көрінеді. Біреуі «бүлінген».
Ресейдің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Украинаның қарулы күштерінің ұшырған ATACMS зымырандарының қалдықтары Брянск облысындағы әскери нысанның аумағана құлаған. Соның салдарынан өрт шыққан. Бірақ «адам шығыны және бүлінген нысандар» болмаған.
Украинаның қарулы күштерінің Бас штабының мәлімдеуінше, Карачевте 20 қарашаға қараған түнде қару-жарақ қоймасы аймағында 12 жарылыс тіркелген.
Брянск облысындағы қоймаларға дәл осы америкалық зымырандармен соққы берілгені жайында «РБК-Украина» хабарлаған.
Десе де, Украина президенті Владимир Зеленский «Киевтің алыстағы нысандарға соққы бере алатын, өздері жасап шығарған ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондары бар екенін» алға тартып отыр.
«Енді бізде ATACMS бар. Біз бәрін қолданатын боламыз», – деп мәлімдеді ол.
Таяуда АҚШ президенті Джо Байден Ресей тылындағы нысандарды америкалық зымырандармен атуға рұқсат берген еді.