ҰҚК Тоқаевқа үндеу жасаған Түркия азаматының азапталуына қатысты қызметтік тексеру жүргізді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kursiv.media сауалына қатысты 11 жылға қамалған түрік кәсіпкері Тастан Эбубакирдің азаптау, істі бұрмалау және орган қызметкерлері тарапынан жемқорлық әрекеттер туралы мәлімдемесіне орай, қызметтік тексеріс өткенін хабарлады. Оның нәтижесі бойынша, бұл жайттар дәлелін таппаған.
Түрік азаматы Тастан Эбубакир заңсыз алтын сатып, істі болған екі досы пара арқылы жазадан құтылғанын, олардың орнына жаламен сотталғанын, азапталған соң, өзіне қарсы куәлік бергенін айтып, Президентке, Бас прокуратураға және басқа да құзырлы органдарға үндеу жасаған болатын. ҰҚК түрік кәсіпкерінің дәйектерін жоққа шығарып отыр.
«Тастан Эбубакир Қылмыстық кодекстің 234 және 264-баптарында көзделген құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен айыпталған. 2023 жылы 29 қыркүйекте сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тартылған», – дейді ҰҚК баспасөз қызметі.
Түрік кәсіпкері өзінің қылмыстық іске қатысы жоқ екенін, басты фигуранттар Жангелді Әбілов пен Түркия азаматы Исмаил Гулбетикин екенін атаған еді.
ҰҚК мәліметінше, бұл екі тұлғаның қылмысқа қатысы анықталмаған. Сондықтан іске тек куәгер ретінде тартылған.
Мұның алдында Тастан Эбубакирдің әлеуметтік желі арқылы араша сұрап, үндеу жасағаны жайлы жазған болатынбыз.