Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған АҚШ-тың Украинаға Ресейдің ішкі аймақтарын америкалық зымырандармен соққы жасауға рұқсат беруіне қатысты пікір білдірді. Оның пайымдауынша, Вашингтонның бұл шешімі жағдайдың мүлде ушығуына түрткі болуы ықтимал. Ердоғанның айтуынша, Түркия жанжалды келіссөз арқылы аяқтау қажет деген ұстанымды қолдайды. Бұл туралы Milliyet жазды.
«Біз оның шешімін дұрыс деп есептемейміз, қолдамаймыз. Украина мен Ресей арасында соғыс басталған сәттен бастап, біз оның көп қарумен, көп қанмен, көп көз жаспен емес, бейбіт түрде, дипломатиялық жолмен шешіледі деп ойлаймыз», – деді Ердоған.
Оның пікірінше, АҚШ президенті Джо Байденнің ойлағаны ешқашан бітпейтін соғысты тұтандыратын қадам болған.
«Путин баллистикалық зымырандармен шабуыл жасалса, ядролық қарумен жауап беруге мүмкіндік беретін доктринаны қабылдады. Мұның бәрі аймақты, әлемді жаңа үлкен соғысқа итермелеуі мүмкін», – деді Түркия басшысы.
Ердоғанның пікірінше, осы үлкен қателіктің кесірінен жасалған кішкентай қателік жарылғыш зат толы бөшкеге от қоюмен тең. Сондықтан абай болуға шақырып отыр.
Десе де, Джо Байденнің райынан қайтатын түрі жоқ. Жаяу әскерге қарсы қолданылатын миналарды жеткізуді мақұлдады. Бұл туралы The Washington Post (WP) басылымы ақпарат таратты. Пентагонның пікірінше, бұл Ресей әскерінің шабуылын тоқтатуға көмектеседі. Бұдан бөлек, Киевке 275 млн АҚШ доллар көлемінде әскери көмек беруді жоспарлап отыр.
Мұның алдында ядролық шабуыл қаупі туралы және қазіргі жағдайдың қырғи-қабақ соғыс дәуірімен салыстырғанда әлдеқайда ушығып тұрғанын жазғанбыз.