Black Friday. Жылдың ең басты жеңілдіктер науқанын ұтымды пайдалану жолдары

Жарияланды 20 Қараша 2024 15:30

(жаңартылды 20 Қараша 2024 16:30)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Black Friday-ды ұтымды пайдалану жолдары
Black Friday-ды ұтымды пайдалану жолдары / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Black Friday – әр сатушы өз атынан «үздік» баға ұсынып, сатып алушының назарын алу үшін барын салатын жеңілдіктер науқаны. Биыл бұл науқан 29 қараша күніне түсіп тұр. Бірақ сатушылардың көпшілігі қазірден жеңілдіктер науқанын бастап кетті. Бір жағынан ақша үнемдеп, көптен қалап, алғыңыз келіп жүрген затыңызды арзанға алудың керемет мүмкіндігі. Алайда мұндайда жоспарлағаннан да көп ақша жұмсап қою қаупі бар. Сауда жасап, артынша көп жұмсап қойдым-ау деп бармақ тістеп қалмас үшін төмендегі кеңестерге құлақ түрген жөн.

Бюджетіңізді, қанша ақша жұмсайтыныңызды алдын ала есептеп алыңыз және науқан бойы сол соманы естен шығармаңыз

Сәтті сауда жасаудың алғышарты – жұмсайтын ақшаның нақты сомасын алдын ала бекітіп алу. Қаржылық мүмкіндіктеріңізді бір саралап барып қана, шопингке қанша ақша бөле алатыныңызды біле аласыз. Ойластырылмаған, жоспарланбаған сауда-саттық бюджетіңіздегі балансты бұзатынын есте сақтаңыз. Сол үшін әр төлем жасағанда мұқият болыңыз. 

Сонымен қатар бюджетті бірнеше санатқа бөліп алуға да болады: сыйлықтар, техника, киім-кешек және жеке қажеттер. Әрқайсына бөлек шекті сома бекіте отырып, қанша ақша жұмсап жатқаныныңызды да оңай бақылай аласыз. 

Алғыңыз келетін тауарлардың шынайы бағасы қандай екенін алдын ала зерттеп көріңіз

Жеңілдіктер мен түрлі ұсыныс әлеміне еніп кетпес бұрын қызығып жүрген тауарыңыз жай күндері қандай бағаға сатылатынын зерттеп шығыңыз. Әдетте дүкендер әдейі науқан басталар алдын тауар бағасын көтеріп жатады. Сонда науқан басталғанда, едәуір жеңілдік жасағандай иллюзия пайда болады. Мұндай қулыққа алданып қалмаңыз. 

Бұған қоса сізге қажет тауар сатылатын бірнеше дүкеннің тізімін жасап, бағаларды алдын ала салыстырып көруге кеңес береміз. Ұсыныстарды жіті бақылап алған соң, өзіңізге қажет тауарды ең тиімді бағаға алғаныңызға сенімді бола аласыз.

Шынымен қажет заттардың тізімін жасап алыңыз

Ойламаған жерден зат салып алып, жоспардан тайқып кетпей үшін алдын ала қажет заттардың тізімін жазып алыңыз. Ол тізімге тек сізге шынымен пайдалы болатын немесе алғыңыз кеп, көптен ақша жинап жүрген заттарды қосыңыз. Ең қажет немесе көптен қалап жүрген заттар, жақындарыңызға сыйлық ретінде бергіңіз келетін тауарларға басымдық беріңіз. 

Бұл тізімді екіге бөлуге болады: шынымен қажет заттар және мен «қалайтын» заттар. Бюджетіңіз жетіп жатса, алғыңыз кеп жүрген заттар тізімінен де бірдеңе алып қаларсыз. Ал қаражатыңыз аздау болса, осы тізімнің арқасында артық шығын шығармайсыз.

Импульсивті шопингтен сақтаныңыз

Эмоция– Black Friday науқаны жүріп жатқан кездегі ең негізгі «жауыңыз». Жеңілдікті көргенде, көп созбай бірден «сатып алу» тетігін басқың келеді. Алайда бұл заттар әдетте керек емес болып шығады және кейін бір бұрышта шаң басып қалатын затқа айналады. Тиімді ұсыныс көре қалсаңыз, сатып алу туралы шешім қабылдауға өзіңізге бірнеше сағат немесе тіпті бір тәулік уақыт беріңіз. Сонша уақыт өтсе де, ол зат сізге әлі де қажет болып тұрса, пайдалы сияқты десеңіз, алыңыз. Бұл әдіс те қажетсіз сауда жасаудан сақтайды.

Кейбір дүкендер «себетке сақтау» мүмкіндігін береді, осының арқасында бұл тауарды сатып алу туралы ойлануға да уақытыңыз болады. Бұл сауда туралы салқынқанды ойлануға керемет мүмкіндік.

Кэшбек пен бонустық карталарды пайдаланыңыз

Кей дүкендер мен банктер жұмсалған ақшаның кішкене бөлігін шотыңызға қайтарып беретін адалдық бағдарламаларын ұсынады. Мұндай бонустық жүйелер тұрмыстық техника немесе электроника сияқты сауда жасағанда өте тиімді. Банк қандай шарт ұсынып тұрғанын талдап алып, шопинг алдын кэшбэк жүйесін іске қосыңыз.

Сонымен қатар интернет-дүкендерде жиналған бонустарыңыз бар-жоғын тексеріп көріңіз. Black Friday – көптен жиналып қалған бонустарды жинап, екі есе үнемдеуге болады. Алайда кэшбек үшін арнайы карта қолдану қажет немесе шекті сомаға жеткізіп тауар сатып алу қажет деген сияқты артық талаптар болмағанын да қадағалаңыз. Есте сақтаңыз, бұл науқанда сіз артық шығынсыз, жоспарлаған затты ғана алуға тиіссіз. 

Несие мен бөліп төлеу шарттарын мүлдем қарастырмаңыз

Көп жағдайда несие беру бағдарламалары мен 0%-дық бөліп төлеу бағдарламалы қалтаңыз көтермей тұрған қымбат затты сатып алу үшін керемет мүмкіндік сияқты көрінеді. Бірақ мұндай жағдайда басымдықтарды ескерер болсақ, қарыздық жүктеме өзін ақтамайды. Оның орнына несиеге жоламай, қолыңызда бар ақшаға сауда жасап, көрпеге қарай көсілген абзалырақ. Алдын ала ойластырылмаған, жоспарланбаған затты сатып алу үшін несие алу – мүлдем қажетсіз тәуекел. 

Сыйлық сатып алу бойынша да бір шектеулер бекітіп алыңыз

Black Friday-ді сыйлық алу мүмкіндігі ретінде қарастырсаңыз, алдын ала әр адамға бөлек бюджет бекітіп алыңыз. Көп жағдайда ауқымды жеңілдіктер қымбат зат алуға да болатындай бір алдамшы әсер сыйлайды, бірақ, шын мәнінде, олай бола бермейді. Артық шығынға ұрынып қалмас үшін бюджетті алдын ала жоспарлаңыз.

Бұған қоса жеңілдіктегі бағасына қарай таңдалған сыйлыққа қарағанда, адамның қызығушылығын ескере отырып алынған сыйлық әлдеқайда жоғары бағаланатыны тағы бар. Сондықтан сыйлық таңдағанда бағасына емес, жанға жағып-жақпайтынына қараңыз. 

Экология тұрғысынан да ойланыңыз

Black Friday науқанында зат сатып алу баршамызға қоршаған ортаның, Табиғат-Ананың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Экологиялық саналы адам ретінде сауда жасау табиғатқа келтіретін зиян мөлшерін төмендетіп қоймай, бізге артық шығын жасап қоймауға да, қаражатымыз қалтамызда қалуына да әсер етеді. Бірдеңе сатып алмас бұрын, ол зат сізге бір жыл өткен соң да қажет бола ма әлде тек бір сәттік әуестікке беріліп тұрсыз ба – осыны ойланып көріңіз.

Black Friday – тиімді келісімшарт пен ерекше тартымды жеңілдіктер кезеңі. Бірақ тиімді сауда жасап, науқаннан пайда көру үшін ақыл керек. Ақша жұмсап, артынан өкініп қалмау үшін жоғарыда жазылған кеңестер қаперіңізде болсын. 

Сондай-ақ оқыңыз