Жаңалықтар

«Дариға Назарбаеваны мақтап жатыр»: депутат Бәпи «Ескі Қазақстанды» дәріптеп жүргендерді тексеруді талап етті

Депутаттың ойынша, олар саяси толқу тудыруға әрекет жасап жатыр / Асқар Ахметуллин, бильд-редактор: Артур Алескеров

Әлеуметтік желілерде Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарап жатыр. Бұл – бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеу мен саяси манипуляция. Осылай деген мәжілісмен Ермұрат Бәпи ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев пен Ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, қоғамға іріткі салушылар мен астыртын күштерді әшкерелеуді сұрады.

Мәжілісменнің сөзінше, реваншистік күштер әлеуметтік желілер арқылы манипулация жасап «Жаңа Қазақстанды» саяси жік-жікке бөліп шиеленіс тудыруға, есе қайтарып, қайтып келу әрекетіне талпынып отыр.

«Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте, тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами «артықшылығы» болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам – Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшысы ретінде жоғарғы саяси лауазым иесі болғанын ұмытпау керек. Сондықтан мұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек», деді депутат.

Депутат қазақ қоғамына іріткі салу үшін астыртын әрекеттер мен «ескіні аңсау» үрдісі саяси сипат ала бастады деп пайымдайды. 

«Мәселен, тағы бір мысал: Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар, қантөгіске себепші болды деп саналатын «теріс діни ағым» иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына «қиқым салуға» белсенді түрде кірісуде. Бұған тағы да сол «успешный успехқа» жеткен бұрынғылар мұрындық болуда. Қаңтардың қаһарынан қашып кеткендер біртіндеп, елге орала бастады. Енді олар ел ішіне ұлттық мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасауда», – деп мәлімдеді ол.

Ермұрат Бәпидің айтуынша, саяси топтар әлеуметтік желілер мен таралымы миллионға тақау жазылушысы бар танымал интернет-ресурстарға қаржылай көмек бере бастаған. Осылайша, ашық платформалар арқылы саяси толқу тудыруға ниетті екенін айтады.

«Маған мұндай инсайдерлік ақпараттың бірнешеуі жетті. «Бүгінгі билік отставкаға кетеді», «мерзімінен бұрын өтетін сайлауға дайындық жүріп жатыр», «депутаттардан ұят кетті» деген сияқты жалаң трендтердің әлеуметтік желіге еркін тарауына сол реваншистік күштердің қолтыққа су бүрку әрекеттері себеп болуда. Мұның бәрі «бұрынғының кезінде мұндай болмаған» деген тезисті тарату арқылы қоғамдық санаға солақай саңылау салудың саясат технологиясы деп қабылдау керек», – деп толықтырды депутат.

Мәжілісмен контрпропагандалық материалдардың бірнешеуін тиісті ведомстволардың жоғары лауазымды тұлғаларына жолдағанын мәлім етті. Сөз соңында ҰҚК басшылығынан қоғамға іріткі салушы түпнұсқалар мен «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды сұрап, қоғамға толыққанды ақпарат жариялану керек екенін айтты.