Жаңалықтар

Бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалмақшы

Зерттеуге елдегі үздік институттар қосылады / Фото: архив kursiv.media 

Ғылым және жоғары білім мен Денсаулық сақтау министрілігі бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына қалай  әсер ететінін зерттеп көрмекші. Үш жылдық зерттеуге бюджеттің 160 млн теңге қаржысы жұмсалуы мүмкін. Бұл жайында Ғылым министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. 

 Алайда министр зерттеу жұмысына бұл ақшадан да аз кетуі мүмкін екенін айтады.

«Үш жылдық бюджетке 160 миллион теңгеге өтінім келіп түсті, бірақ, іс жүзінде, одан да аз болады. Менің ойымша, шамамен 90-100 миллион төңірегінде. Бұл аса үлкен сома емес. Қазір біз конкурс ұйымдастырудамыз, оны Ұлттық ғылыми кеңес мұқият қарастырып, нақты құнын анықтайды. Әдетте, бастапқы сұралған соманың 30-40, кейде 50%-ы қысқарады. Зерттеулер мақсатты қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Әзірге нақты алгортим белгісіз. Дегенмен бұл жұмысқа бірнеше институт қатысады. Айта кету керек, бұл әлеуметтік сауалнама болмайды«, – деді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.

Журналистер министрден зерттеулер неліктен биыл наурызда уақыт белдеуін ауыстырғанға дейін жүргізілмегенін және «Ғылым министрлігі ақшаны желге ұшырмай ма» деп сұрады.

 «Жоқ, бұл  қоғам сұранысы болды, сондықтан оған жауап беруге мәжбүрміз.  Денсаулық сақтау министрлігі осындай бастамамен шықты. Біз ғылыми гранттан беретін ұйым ретінде оны қолдадық. Бұған дейін де зерттеулер жүргізілген. Арнайы ведмоствоаралық жұмыс тобы мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен сарапшылар штаты жұмыс істеді. Бұл мәселе зерттелмеді деп айту дұрыс емес. Ендігі зерттеудің мақсаты – уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына қаншалықты әсер ететінін анықтау«,- деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Үкіметтің бұл шешіміне қарсылық білдірген қазақстандықтар көп ұзамай петиция жариялады. Бұл петицияға 60 мыңнан астам адам қол қойып, Үкімет қарауына өтті. Алайда Сауда және интеграция министрлігі халық қалауын орындаудан бас тартты. Ведомство UTC+5 уақыт белдеуін Қазақстан үшін ең тиімді деп санайды.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бір сағат кері қайтарылған уақытты қалпына келтіру мәселесін тек 3 жыл өткен соң ғана қаралатынын айтты