Жаңалықтар

Трамп Қытай тауарларына 40%-дық тариф енгізеді, S&P 500-ге қатысты жаңа оптимистік болжам, Nvidia есебі

обзор
Фото: shutterstock

Nvidia компаниясының үшінші тоқсандағы кірісі мен пайдасы сарапшылардың болжамынан асып түсті. Бірақ төртінші тоқсанға арналған алдын ала көрсеткіштері мен сатылым құрылымы күтілген үмітті ақтамады. Сонымен қатар Уолл-стритте S&P 500 индексіне қатысты 2025 жылға арналған тағы бір оптимистік болжам пайда болды. Оны Wells Fargo ұсынды. Осы және өзге де тақырыптар туралы 20 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Nvidia кірісі болжамнан асып түссе де, инвесторлардың үміті ақталмады

Nvidia-ның үшінші тоқсандағы кірісі мен пайдасы болжамдардан асып түскенімен,. Компания үшінші тоқсанның есебін америкалық биржалар жабылғаннан кейін жариялады.

Нақты нәтижелер болжамдардан асып түсті: Nvidia-ның кірісі 94%-ға өсіп, 35,1 млрд долларға жетті, ал акцияға шаққандағы пайда 81 центті құрады. Дегенмен, бұл өсім инвесторларды қанағаттандырмады. Себебі компанияның кірісі екінші тоқсанда 122%-ға, бірінші тоқсанда 262%-ға, ал 2023 жылдың төртінші тоқсанында 265%-ға артқан болатын. Bloomberg атап өткендей, жасанды интеллект айналасындағы ажиотаж шынайы мүмкіндіктерден асып кеткен болуы мүмкін.

Кірістің басым бөлігі (30,8 млрд доллар) деректерді өңдеу орталықтарына тиесілі болды. Компания Microsoft пен Amazon сияқты «бұлтты» қызмет жеткізушілеріне қатты тәуелді. Олар орталықтың табысының 50%-ын қамтамасыз етті (екінші тоқсанда – 45%). Бұл ЖИ-дің экономикаға кеңінен енуін күткен инвесторлар үшін алаңдаушылық тудырады.

S&P 500: 2025 жылға арналған жаңа оптимистік болжам

Wells Fargo инвестициялық холдингі S&P 500 индексіне қатысты мақсатты көрсеткішті 6 200-6 400 деңгейінен 6 500-6 700-ге дейін көтерді. Бұл қазіргі деңгейден шамамен 13%-ға жоғары, деп хабарлады Market Watch.

Өсу АҚШ экономикасының тұрақтылығы мен америкалық компаниялардың табысының артуымен байланысты болады. Бұл Дональд Трамптың алдын ала сайлау бағдарламасын жүзеге асыруымен қамтамасыз етіледі. Бағдарламаға салық жеңілдіктері, импорттық тарифтердің өсуі және қаржылық реттеуді азайту кіреді. Бірақ бұл жоспарлар бюджет тапшылығын арттырып, инфляцияны қайта жандандыруы мүмкін. Тиісінше мемлекеттік қарызға әсер етіп, пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне алып келуі ықтимал.

Бұған дейін Morgan Stanley, Goldman Sachs және Yardeni Research те 2025 жылғы нарыққа қатысты оптимистік болжамдар жасаған.

Трамп Қытай тауарларына 40%-дық тариф енгізеді

Reuters жүргізген сауалнамаға сәйкес, экономистер Дональд Трамп 2025 жылдың басында Қытайдан әкелінетін тауарларға 40%-дық тариф енгізеді деп санайды. 60%-дық тарифке бармайды деп болжам жасап отыр. Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде Қытай тауарларына 7,5-25% мөлшерінде тариф енгізген еді.

«Біз АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Трамптың алғашқы жоспарларына қайта оралады деп күтеміз», – дейді ANZ бас экономисі Рэймонд Юнг. Оның айтуынша, Қытай тауарларына орташа тариф 32-37%-ға дейін өсуі мүмкін.

Мұндай тарифтер Қытай экономикасының өсуін шамамен бір пайыздық тармаққа төмендетуі ықтимал. Сарапшылардың көбі 2025 жылы Қытайдың ЖІӨ-сі 4,5-4,8%-ға, ал 2026 жылы 4,2%-ға өседі деп болжап отыр.

«Қытай үкіметінде АҚШ саясатының экономикаға әсерін бақылап, жауап беру шараларын қабылдау үшін уақыт бар», – деп мәлімдеді Barclays-тың Қытай бойынша бас экономисі Цзянь Чан.

Pimco тәуекелді активтерден пайда күтеді

Акциялар мен облигациялардың бағасы бір-бірінен алшақтап барады. Бұл инвесторлардың тәуекелді активтерге деген қызығушылығын арттырғанын көрсетеді, деп жазды Bloomberg Pimco сарапшыларының пікіріне сілтеме жасап. Pimco – әлемдегі ең ірі облигациялар менеджері.

«Инфляцияның баяулауы мен ЖІӨ өсімінің төмендеуімен бірге акциялар мен облигациялар арасындағы өзара байланыс азаяды, тіпті теріс болуы мүмкін», –– дейді Pimco-ның портфельдік менеджерлері Эрин Браун және Эммануэль Шареф.

Олардың болжамы бойынша, «портфельді құру кезінде акциялар мен облигациялар бірін-бірі толықтыра алады, ал орталық банктердің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі бұл активтердің екеуіне де оң әсер етеді». Pimco АҚШ акцияларына және жоғары сапалы облигацияларға басымдық береді.

Target-тің нарықтағы үлесі Walmart-қа өтуі мүмкін

Америкалық ірі ритейлер – Target акциялары Нью-Йоркте 22%-ға арзандады, деп хабарлады Bloomberg. Инвесторлар ритейлердің 2024 жылғы пайда болжамын төмендетуіне және төртінші тоқсандағы сатылымның төмендеуіне байланысты акцияларын сатуды бастады. Акцияға шаққандағы пайда 9,7-ден доллардан 8,3 долларға дейін (жоғарғы диапазон) азайтылды.

Нәтижелерге әлсіз сатылымдар ғана емес, сонымен қатар қоймадағы қорларды сақтау шығындарының жоғары болуы да әсер етті. Компания порт жұмысшыларының ереуілі кезінде нарықтағы белгісіздікке байланысты үлкен көлемде тауар сатып алған еді. Бірақ оларды тез сата алмады.

Бұл жағдай Target-тің нарықтағы үлесін жоғалту қаупін арттырады, ал Walmart желісі бұл орынды иеленуі мүмкін. Walmart жақында 2024 жылға арналған пайда болжамын арттырды және азық-түлік өнімдерін қоспағанда, бағалардың тұрақтылығын атап өтті.

Қытай кредиттеу мөлшерлемелерін өзгерткен жоқ

20 қарашада Қытай базалық несие мөлшерлемелерін өзгертпеді, деп хабарлады Reuters. Бір жылдық мөлшерлеме 3,1%, ал бес жылдық мөлшерлеме 3,6% деңгейінде қалды.

Сарапшылар Қытай Трамп қызметіне кірісіп, экономикалық жоспарларын жүзеге асыра бастағанға дейін күтуі мүмкін деп санайды. Трамптың бірінші президенттік мерзімінде юань долларға шаққанда шамамен 5%-ға құнсызданған еді.

Қытай банктеріндегі несие беру көлемі қазан айында күтілгеннен де көп төмендеді. Бұл үкіметтің қолдау шараларының несиеге деген сұранысты арттыра алмағанын білдіреді.