Банк пен қаржы

«Бүгін – 500, ертең – 600 теңге»: Ұлттық банк төрағасының орынбасары доллар бағамына көп мән бермеуге шақырды

Фото: shutterstock

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин қазақстандықтар доллардың 500, не 600 теңге боларына көп мән беретінін айтады. Доллардың қазір бүкіл дамушы елдердің валютасына қатысты қымбаттап жатқанын айтқан Ұлттық банк өкілі «500 деген – жай ғана цифр, оған байланып қалған ештеңе жоқ» деп санайды.

«Ақша айырбастау пункттері курсты өздері белгілей алады, бұл – олардың нан тауып отырған кәсібі. Жалпы 500 деген – жай ғана сан, оған байланып тұрған ештеңе жоқ. Бүгін – 500, ертең – 600. Валюта бағамы шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныстан қалыптасады», – деді ол.

Бұл ретте Виталий Тутушкин елде валюта қоры жеткілікті деп тұжырымдайды. Төлем балансының жағдайы былтырмен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған. Одан бөлек, квазимемлекеттік сектор компанияларына валюта түсімінің 50%-ын нарықта сату туралы талап – биржада доллардың саны артуына ықпал етеді.

Сонымен қатар ол нарықтағы алып-сатарлық – интервенция жасауға себеп емес екенін айтады. Ұлттық банк тек қаржы нарығына үлкен қауіп төнгенде ғана араласады.

«Ұлттық банктің нарыққа араласуына қатысты нақты көрсеткіштер жоқ. Ол қалыптасқан жағдайға байланысты», – деді ол.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова бас банк қажет болса, нарыққа араласуға дайын екенін мәлімдеген. Доллардың ресми бағамы 500 теңгеге таяп қалған, ал айырбастау пункттері көкқағазды 500 теңгеден астамға сатып жатқан кезде, бас банк квазимемлекеттік компанияларға валюта түсімінің 50 пайызын нарықта сату талабын қайта енгізетінін хабарлады. Үкімет пен Ұлттық банк қажетті қаулыны жақын арада қабылдамақ.

Осы жаңалықтан соң, доллар 2 теңгеге арзандап, 495,2 теңгеден сатыла бастады. Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының есебінше, қаулы күшіне енген соң, нарыққа ай сайын қосымша 300 млн доллар түсіп отырады. Бұл валюта саудасының қызуын сәл басуы тиіс.