Қазақстан үкіметі 2025 жылы қымбатшылықпен қалай күреседі?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстан Үкіметі елдегі инфляция деңгейін 5%-ға дейін төмендетуді мақсат тұтып отырғаны белгілі. Алайда Ұлттық банк болжамынша, Қазақстандағы инфляция тек 2026 жылы межелі деңгейге дейін төмендеуі ықтимал. Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин мәлімдеді.

Қазақстандағы инфляцияның баяулауы тұрақсыз

2023 жыл басында 20%-дан асқан инфляция, қазір 2,5 есе төмендеп, 8,5% деңгейінде қалыптасты. Виталий Тутушкиннің айтуынша, елдегі инфляция біртіндеп төмендеп келе жатқанымен, баяулауы тұрақсыз. Мәселен, қазан айында жылдық инфляция 8,5%-ға қайта жеделдеген. Ал бұл көрсеткіш Үкімет қойған межеден әлдеқайда жоғары. Азық-түлік тауарларының бағасы сәл тұрақтағанымен, ақылы қызмет бағасы өсіп жатыр.

Сондықтан Ұлттық банк инфляция 5%-дық таргетке 2025-2026 жылдары ғана жақындайтынын айтады.

«Біздің болжамдарымыз бойынша, алдағы екі жылда инфляция біздің 5%-дық таргетке жақындайды. 2025 жылы 5,5-7,5% дәлізде, ал 2026 жылы – 5-7% аралығында қалыптасады», – деді ҰБ төрағасының орынбасары.

Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын ұстанады

Бұл ретте бас банк қатаң ақша-несие саясатын ұстануды жалғастырады. Одан бөлек, ҰБ елдегі проинфляциялық тәуекелдер сақталып отырғанына назар аударады.

«Сыртқы тәуекелдерге – негізгі серіктес елдердегі бағаның өсуі және азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі жатса, ішкі тәуекелдерге – тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің үздіксіз өсуі, фискалдық ынталандыру аясында ішкі сұраныстың сақталуы, сондай-ақ инфляциялық күтулердің баяулауы жатады», – деді Тутушкин.

Республикалық бюджетте мұнайға қатысты емес тапшылық жоғары және бюджет шығынының едәуір бөлігі әлі де Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелді. Ұлттық банк макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және инфляция 5%-ға дейін түсіру үшін қатаң ақша-несие саясатын ұстанбақ.

Сондай-ақ оқыңыз