Антикор Жоғары аудиторлық палатаның Әділет министрілігіне қатысты жүргізген аудит қорытындысын бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев ісіне қосқан. Бұл туралы Сенат кулуарында аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Аудиторлық палата 2023 жылы Әділет министрлігі мен оған қарасты мекемелерде тексеру жүргізген. Аудит нәтижесі Антикорға жолданып, содан кейін министрліктің лауазымды тұлғалары ұсталған.
«2023 жылға арналған мемлекеттік аудит нысандарының тізбесіне сәйкес, Жоғары аудиторлық палата республикалық бюджет қаражатын жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша пайдалануға байланысты Әділет министрлігі мен оған қарасты ұйымдарда аудит жүргізді. Біздің қорытындыны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алып, осыған байланысты бірқатар тұлғалар ұсталды», – деді Әлихан Смайылов.
Бұл ретте журналистердің тексеру нәтижесі Антикорға түскеннен соң, Бекетаевтың ұсталуына осының себеп болған-болмағаны туралы сұрағына Смайылов: «Бекетаевтың ұсталуына не себеп болғанын білмеймін,біз аудит жүргіздік, ал оның нәтижесін Антикор алды», – деп жауап берді.
Марат Бекетаев жеке компанияның мүддесін қорғап, мемлекетке ірі көлемде залал келтірді деген күдікке ілініп, 2023 жылдың күзінде ұсталған. Ол Қазақстаннан қашпақ болған жерінен қолға түскен. Антикор қазір экс-министр қылмыстық іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлады. Қамауда ұстау мерзімі 2024 жылдың 21 желтоқсанына дейін ұзартылған.