Қазақстандықтар eGov Mobile арқылы несие тарихын көре алады
Енді қазақстандықтар eGov Mobile қосымша арқылы несие және сақтандыру тарихына қатысты деректерді ала алады.
«eGov Mobile мобильді қосымшасында «Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» атты жаңа сервис іске қосылды», – делінген хабарламада.
eGov жүйесінде жария болған ақпаратқа сүйенсек, яғни енді әр азамат өзінің несие алу және сақтандыру тарихын онлайн қадағалап, несие қабілетін онлайн бағалай алады.
Мобильді қосымшаға енген қызмет «Кредиттеу» және «Сақтандыру» бөлімдерінен тұрады. Мұнда азаматтың бұрын алған несиелері мен сақтандыру қызметтері туралы деректері ұсынылады.
«Кредиттеу» бөліміне кіру арқылы бес жылдағы несие тарихын, төлем қабілетін көруге болады. Ал «Сақтандыру» бөлімінде бұрын жасалған сақтандыру шарттары бойынша жалпы есепті, автосақтандыру құнына әсер ететін бонус-малус класын білуге болады.
Сервисті пайдалану тегін. Егер мәліметтерге қатысты қосымша сұрақ болса, несие беруші банкке немесе сақтандыру компаниясына хабарласу керек.