Зергерлік бұйым құрамындағы алтынның үлесін қалай анықтауға болады?

Жарияланды
Алтын бұйымдар таза алтыннан жасала  ма / Фото: shutterstock
Алтын бұйымдар таза алтыннан жасала ма / Фото: shutterstock

Goldman Sachs сарапшылары келесі жылы алтын бағасы унциясына 3000 долларға жетуі мүмкін деп отыр. Бағалы металл құны бұған дейін де тоқтаусыз өсіп келген. АҚШ-тағы сайлаудан кейін 7%-ға арзандады. Алайда сарапшылар бұл уақытша құбылыс деп отыр. Сондықтан алтынды кез-келген адам жақсы инвестиция санайды. Оның кесек түрімен қатар, алқа, сырға, түрлі зергерлік бұйымдар түріндегісін сатып алып сақтайтындар бар. Алайда бір нәрсені біліп жүрген жөн, зергерлік бұйымдардың көпшілігі таза алтыннан жасалмайды. Сондықтан ұзақ жылдар бойы «инвестиция» ретінде сақтап келген әшекей таза алтын болмай шықса таңқалмаңыз. Әрі мүлдем құнсыз екен деп те ойлап қалмаңыз. Оның да өзіндік бағасы бар.

Таза алтыннан бұйым жасауға болмайды

Мәскеу зергерлік зауытының мәліметінше, сіз бен біздің тағып жүрген алтынымыз, шын мәнінде, металдардың қоспасынан тұрады. Себебі таза алтын өте жұмсақ, майысқыш келеді. Сондықтан зергерлік бұйымдар таза құнды металдан жасалмайды. Оның құрамындағы алтынның немесе басқа бағалы металдың үлесін қалай анықтауға болады?

Алтынның тазалығы әдетте каратпен немесе арнайы таңбамен (проба) өлшенеді. Карат – жиырма төрт бөліктен тұрады. 24 карат – ең таза алтын саналады. Ал проба мың бөлікпен өлшенеді, мәселен, 999,9 таза алтын деп белгіленген. Бірақ бұл таңбалардың ешқайсысы бұйымның құрамында алтыннан басқа қандай метал қолданылғанын көрсетпейді.

Алтын бұйымдар қандай металдардың қосындыларынан жасалады?

Әлбетте, зергерлік әшекейлер құрамындағы негізгі металл – алтын. Сонымен қатар оған күміс және мыс қосылады. Сондай-ақ құрамында мырыш, никель, кобальт және палладий қоспалары да болуы мүмкін. Мұндай қосындылардың коррозияға төзімділігі негізінен олардың құрамындағы алтынмен, ал түс реңктері мен механикалық қасиеттері күміс пен мыстың үлесімен анықталады.

Алтын көптеген металдармен химиялық байланыс түзеді. Бірақ зергерлік бұйымдар ішінде ең көп таралғаны күміс, мыс және мырыш қоспасы.

Әшекейдің құрамындағы құнды металдың үлесін таңбаға қарап анықтауға болады. Бұған қатысты Қазақстанда арнайы метрикалық стандарт қолданылады: ол бір килограмм қорытпадағы таза асыл металдың грамын көрсетеді.

  • 958 деп таңбаланған бұйымның құрамында 96,3%-ға дейін таза алтын бар. Бұл қорытпада қосымша ​​компоненттер ретінде күміс пен мыс қолданылады. Ол сыртқы ортаға өте төзімді, жылтыр реңк береді, бірақ мұндай әшекей өте жұмсақ келеді. 958 таңбалы алтынның түсі қанық, ашық сары болады. Ол негізінен неке сақиналары мен алқаларға кулон жасауға қолданылады.
  • 750 – ең танымал алтын қорытпасы. Құрамында 75,5%-ға дейін асыл металл бар, ал басқа компоненттер күміс, платина, палладий, никель, мыс. Бұл қорытпа төзімді және жылтыр, сондықтан 750 алтыннан жасалған бұйымдар берік және әдемі болады.
  • 585 таңбалы бұйымдар Кеңестік кезеңнен танымал қорытпа. Оның құрамында 59%-ға дейін таза алтын бар және көп күміс, палладий, никель, мыс және мырыш та қосылады. 585 өте қатты және берік, өңін жолғалтпайды, денеге де одан дақ түспейді. Түстерінің ауқымы кең, одан қосылған металдардың үлесіне байланысты ақ, қызыл және сарыдан жасылға дейін түрлі бұйымдар жасалады.
  • Зергерлік бұйымдар өндірісінде 500 және 375 таңбасын да кездестіруге болады. 375 әдетте күміс пен мыстың алтын қорытпасы деп аталады. Мұндай алтынның реңі жылдам өзгеріп, жылтырлығын жоғалтады. Сондықтан ол әшекейлер өндірісінде жиі қолданылмайды.

Алтын реңктерінің алуан түрі бар, соған қарамастан, әлі күнге дейін ең танымалы – сары, қызыл және ақ алтын.

Алтынның түсіне қарап, оның құрамын білуге болады

Қорытпаға байланысты алтынның төрт негізгі түсі бар: сары, ақ, қызғылт және жасыл алтын. Алайда нарықтан сұр, күлгін, көк және қара түсті алтыннан жасалған бұйымдарды кездестірсеңіз таңғалмаңыз. Мұның бәрі құрамындағы қоспалар мөлшеріне байланысты.

Сары алтын – ең танымал және көбінесе шынайы алтын болып саналады. Ол алтын, күміс, мыс және мырыш қорытпасынан тұрады. Күміспен араласқандықтан, ол гипоаллергенді, яғни аллергиялық реакция тудырмайды деп есептеледі. Сондай-ақ бұл әшекейді өте төзімді әрі берік етеді.

Ақ алтын – бір қарағанда күміс немесе платина сияқты көрінеді. Зергерлік бұйымдар жасауға арналған өте танымал алтын. Ол алтын мен платина немесе палладий қорытпасынан жасалады. Никель мен мырыш бөліктерін де қосылуы мүмкін. Платина немесе палладий ақ алтынды өте берік және сызаттарға төзімді етеді.

Қызғылт алтын – мыс қосылғандықтан қызғылт реңкке ие. Құрамына күміс те кіреді. Мыстың да, күмістің де салыстырмалы түрде төмен құны оны неғұрлым қолжетімді етеді. Сондықтан нарықта бұл алтының құны сары немесе аққа қарағанда арзандау келеді.

Жасыл – алтынның, күмістің, кейде мыстың қорытпасынан тұрады. Өте нәзік жасыл реңкті құрамындағы күміс береді. Бұл жалғыз табиғи қорытпа. Жер қыртысында аз мөлшерде мыс және басқа металдардың қоспасы түзілуі мүмкін. Мұны сарапшылар «электрум» деп атайды. Жасыл алтынды кадмийден де жасауға болады. Дегенмен бұл қорытпа улы, адам терісіне зиян болып саналады.

Коллекциялық алтын монеталар

Қазақстанда бағалы металдан зергерлік бұйымдармен қатар, коллекциялық монеталар да жасалады. Тарихта мұндай монеталар ғасырлар бойы ақша бірлігі ретінде қолданылған. Ұлттық банк тарихты жаңғыртып, 2004 жылғы 1 қарашада оларды айналысқа шығарды.

Мәселен, «Мидас патша» алтын монетасы. Бет жағында ортасына Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген. Ал екінші жағында монетаның номиналын білдіретін «100» деген сан және «ТЕNGЕ» деген жазу салынған. Жиегінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» және монетаның қандай металдан жасалғанын, оның сынамы мен массасын білдіретін «1/25 oz Au 999» деген жазулар және жасалған жылын білдіретін «2004» деген сан жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз