443 млн теңге бөлінсе де, Мәдениет министрлігі бірде-бір шетел фильмін қазақшаға неге аудармаған
2023-2024 жылдары Қазақстанда шетелдік фильмдер мен анимацияларды қазақ тіліне дубляждауға 443 млн теңге қаражат бөлінген. Алайда бұл қаржы толық көлемде бюджетке кері қайтарылды. Сенат депутаты Айгүл Қаппарова бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттік қолдау аясында жыл сайын 15 шетелдік фильмді қазақшалау жоспарланғанымен, іс жүзінде бірде-бір туындының аударылмағанын сынға алды.
Мәдениет және ақпарат вице министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, қаражаттың игерілмеуі бірқатар бюрократиялық талаптарға байланысты.
«Шетелдік фильмдерді қазақ тіліне аудару барысында екі басты қиындық туындады. Біріншіден, дубляжға дейін әр туынды бойынша онлайн сауалнама жүргізу міндеттелген. Бұл процесс бірнеше айға созылады. Екіншіден, тек жоғары рейтингке ие болған Голливуд туындылары ғана аударылуы тиіс. Осы шарттарды орындау ұзақ уақыт алады, ал бұл кезде фильмнің тұсаукесері де өтіп кетеді. Сондықтан ешқандай қызығушылық қалмайды,» – деді Қанат Ысқақов.
Оның сөзінше, осы себепті өткен жылы дубляж жұмыстары толық жүзеге аспай, қаржы бюджетке қайтарылған. Бұл жағдайды реттеу үшін министрлік тиісті заңнамалық өзгерістерді ұсынып, шарттарды жеңілдетуді көздеп отыр.
Сонымен қатар, Ысқақовтың айтуынша, қазақ тіліне дубляжға сұраныс артқандықтан, қазір ірі дистрибьюторлық компаниялар өз қаржысына дубляж жасауға кіріскен. Бұл жұмыс коммерциялық негізде жүргізіліп жатыр. Дегенмен мемлекеттік деңгейде бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі үшін алдағы уақытта бұл мәселені қатаң бақылауға алу көзделіп отыр.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев министрліктің бұл мәселе бойынша әрекетсіздігіне назар аударып, бөлінген қаражатты игермесе, оны сұраудың қажеті жоқ екенін ескертті. Министрлікке келесі жылдан бастап бөлінген қаржының нәтижелі пайдаланылып, халыққа нақты жұмыс көрсетуді тапсырды.