Энергетикалық сусындар – құрамында кофеин, қант, түрлі шөп сығындылары және стимуляторлық заттар бар адамның жүйке жүйесіне әсер ететін сусындар. Олар алкогольді және алкогольсіз болып екіге бөлінеді. Бұл сусындардың адам денсаулығына зияны жайлы пікірлер көп. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) энергетикалық сусындарға қатысты пәтуа шығарды.
Алкогольді энергетикалық сусындар
ҚМДБ мәліметінше, құрамында аз мөлшерде болса да алкоголь бар энергетикалық сусындарды ішуге тыйым салынады.
Егер сусынның құрамында шариғат тыйым салған алкоголь не басқа қосындылар болмаса, оны ішуге рұқсат етіледі. Дегенмен мұндай сусындарды жиі қолдану ағзаға зиян тигізуі мүмкін.
Медицина мамандарының пікірінше, энергетикалық сусындарды шамадан тыс ішу жүрек-қан тамырлары жүйесіне, жүйкеге, қан қысымына, қант диабетіне, семіздікке және басқа да денсаулыққа қатысты қиындықтарға әкелуі мүмкін.
ҚМДБ шешімі
ҚМДБ энергетикалық сусындарға қатысты мынадай қорытынды жасады:
1. Егер сусынның құрамында шариғатта харам саналатын заттар болса, оны ішуге тыйым салынады.
2. Алкогольді энергетикалық сусындар ішу – харам.
3. Алкогольсіз энергетикалық сусындарды ішу харам емес, бірақ олардың денсаулыққа зияны бар-жоғын ескеру қажет. Егер зиян екені белгілі болса, олардан бас тартқан абзал.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМДБ қалыңмалды кей жағдайда мәһрге жатқызуға болатынын туралы пәтуа шығарған еді.