Жаңалықтар

Кореялық танымал «Шайн мускат» жүзімі зиян емес – АШМ

Кореялық танымал «Шайн мускат» жүзімі зиян емес / фото: shutterstock

Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы бойынша АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің Республикалық өсімдіктер карантині орталығының мамандары жүзім өнімдеріне зертханалық сараптама жүргізді.

«Карантиндік фитосанитарлық бақылау нәтижесінде аталған өнімдерде карантиндік зиянкестер анықталған жоқ», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» РМК-ның Абай ауданы бойынша филиалы (Қытай Халық Республикасымен шекарадағы пункт) «Shine Muscat» жүзімінің нитрат құрамын зерттеді. Сараптама нәтижесі бойынша өнімдегі нитрат мөлшері 13,7 мг/кг құрады, бұл осы өнімге рұқсат етілген деңгейден аспайды.

Министрліктің мәліметінше, жүзім өнімдеріне жүргізілген зерттеулер Қазақстан аумағына әкелінген өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайды. Бұл бақылау тек тұтынушылардың денсаулығын қорғап қана қоймай, елдің ауыл шаруашылығы секторын карантиндік зиянкестерден сақтау мақсатында да жасалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанға әкелінетін барлық өнім сертификаттармен бірге келеді және зертханаларда сынақтан өтетінін айтқан еді.

«Әрбір келген өнімнен сынамалар алынып, зертханада толық тексеріледі. Осы ретте, зертханамызды жаңа құрылғылармен күшейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, қазір ветеринария саласына тоғыз жаңа құрал сатып алып жатырмыз. Бұл шаралар өнім сапасын тексеруді жеңілдетеді», – деді Айдарбек Сапаров.