Жаңалықтар

2025 жылы кімдерге әлеуметтік төлем артық төленеді?

Еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем көлемі артады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек қабілеттілігін жоғалтқан және асыраушысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем көлемі артады. Бұл жайлы Үкімет қаулысында жазылған.

Үкіметтің 2024 жылғы 19 қарашадағы №970 қаулысына сәйкес,әлеуметтік төлем көлемі 6,5%-ға артқан.

«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек қабілеттілігін жоғалту және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған мөлшері алынған әлеуметтік төлемдер сомасының 6,5%-ына ұлғайтылсын»,- делінген қаулыда.

Еске сала кетсек, Үкіметтің мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер көлемін арттыруды жоспарлап отырған туралы қыркүйекте «Курсив» жазған болатын. Қаулы бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылғандар мен асыраушысан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.