Алматы әкімдігі қаланың сейсмикалық ахуалын бағалау үшін аймақта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізбекші. Атап айтқанда, аумағы кеңейіп жатқан шаһардың геологиялық-тектоникалық, гидрогеологиялық, сейсмологиялық және геофизикалық ерекшеліктері зерттеледі. Бұл жұмыстарға әкімдік 1,3 млрд теңге бөліп отыр.
Алматы қаласындағы «Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі орналастырған конкурстық құжаттамада ғылыми-техникалық жобаның жалпы жоспарлы сомасы 1 339 285 714 теңге көлемінде бекітілген. Сатып алу процестері қазан айының ортасында жүргізілген.
Ғылыми жобаны «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС 3 жыл қатарынан жүргізеді. Сонда әр жылғы қызметі үшін ғылыми орталыққа 446 428 571 теңгеден бөлінеді.
«Ғылыми-техникалық жоба негізінде осы аумақтың геологиялық-тектоникалық,
гидрогеологиялық, сейсмологиялық және геофизикалық ерекшеліктерін, сондай-ақ кернеулі-деформациялық көрсеткіштерін егжей-тегжейлі зерттеу негізінде
Алматы агломерациясының сейсмикалық-геодинамикалық жағдайын бағалау
керек», – делінген құжатта.
Бұл қаражатқа ғалымдар Алматы сейсмикалық белсенді аймағында жер қыртысының сейсмикалық қалыптасуының геологиялық-геофизикалық жағдайына талдау жүргізеді. Сонымен бірге Алматы агломерациясының аумағындағы жер қыртысының сейсмикалығын, сейсмикалық режимін және сейсмотектоникалық деформациясын, қаланың агломерациясының сейсмикалық белсенді аймағында ошақтық аймақтардың
пайда болуының физикалық-механикалық шарттарын зерттейді. Бұдан бөлек орталық міндетіне:
- ГАЖ (Географиялық ақпараттық жүйе) жүйесінде атрибуттар базасы бар Алматы агломерациясының аумақтарындағы тектоникалық бұзылулардың цифрлық картасын құру;
- Алматы сейсмикалық аймағының аумағындағы күшті қозғалыстар желілерінің деректері негізінде жер сілкінісі параметрлерін бақылау, уақыт және жиілік диапазонындағы күшті қозғалыстар жазбаларын өңдеу, параметрлеу және талдау, негізгі және спектрлік параметрлер банкін құру;
- Жобаны іске асыру кезеңінде Алматы агломерациясының аумағындағы жер бетінің және құрылымдарының жылжулары мен деформацияларына ғарыштық радиолокациялық бақылау жүргізу;
- Геодинамикалық және экологиялық жағдайды анықтау үшін Алматы агломерациясының аумағында топырақ радонының және сынап буының шығуына үздіксіз мониторинг жүргізу ;
- Алматы агломерациясының аумағында сейсмикалық әсер ететін көшкін процестерінің қауіптілігін бағалау ;
- Сейсмологиялық, геофизикалық және гидрогеохимиялық мониторинг деректері негізінде Алматы агломерациясының сейсмикалық геодинамикалық жағдайын бағалау кіреді.
Аталған жұмыстар орындалған соң, Алматы сейсмикалық аймағының аумағында күшті қозғалыстар желілерінің деректері негізінде жер сілкінісі параметрлерінің мониторингі белгіленеді. Одан бөлек, жазбаларды өңдеу, уақыт және жиілік диапазонында деректерді параметрлеу және талдау, базалық деректер банкі сейсмикалық қауіпті бағалау және сейсмикалық әсерлерді болжау үшін жер қозғалысының спектрлік параметрлері құрылады.
«Алынған нәтижелер сейсмикалық қауіпті бағалау, жер сілкінісін болжау, олардан қорғау саласындағы мақсатты кешенді сейсмологиялық зерттеулерді дамытуға ықпал етеді», – делінген конкурс құжатында.
Жобаны қаржыландыру Үкіметтік сыртқы қарыздар немесе байланысты гранттар бойынша бірлесіп қаржыландыру қаражаттарын қоспағанда, бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, облыстық бюджет есебінен жүргізіледі.
Еске сала кетсек, Алматы әкімдігі «Mass Alert» жер сілкінісін хабарлау жүйесін іске қосты. Бұл құлақтандыру жүйесін іске қосу үшін әкімдік 415 млн теңге жұмсайтыны туралы «Курсив» жазған.
Бұл жүйе 2024 жылдың 31 мамыр күні сынақтан өткен болатын.