Сенат Үкіметтің 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жоспарын кері қайтарды

Жарияланды (жаңартылды )
2025-2027 бюджет
Сенат «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдамады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сенат депутаттары Үкіметтің «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын кері қайтарды. Ал «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын» мақұлдады.

Сенат жанындағы Қаржы және бюджет комитеті бұл заңды қарап, 136 ұсыныс енгізген. Осы ұсыныстар негізінде салыстырмалы кесте әзірленген. Енді Мәжіліс осы салыстырмалы кестеде көрсетілген ұсыныстарды ескере отырып, заңды қайта қарауы керек болады.

«2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар Парламент Мәжілісіне жолдасын»,- делінген комитет құжатында.

Комитет депутаттары осы жылғы ЖІӨ болжамдарының 3 рет өзгергенін ескере келе, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 5,6% көлемінде болады деген болжамына күмәнмен қарайтынын жеткізген.

«2023 жылы небәрі төрт айда ЖІӨ өсімін бағалау үш рет қайта қаралды. Сондықтан 2025 жылға арналған 5,6%-дық болжам күмәнді, ал халықаралық сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш асыра бағаланған»,- деді депутат Сұлтанбек Мәкежанов.

Депутат осы жылғы экономикалық өсімге тікелей мемлекеттік қолдау себеп болып отырғанын айтты. Атап айтқанда, мемлекет ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына үлкен қолдау көрсетіп, соның есебінен экономикалық өсім көрсеткен. Бірақ Үкімет бюджет кірісінің негізі көзі саналатын – тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі саласында лайықты деңгейде өсім алмаған. Осы орайда депутаттар экономиканы әртараптандыруды, инвестиция көлемін арттыруды ұсынған.

Сонымен бірге сенаторлар инфляцияның төмендейтініне де күмәнмен қарайды.

«2025 жылы инфляция 5,5%-7,5% дәлізінде болады деген жәй асыру сілтеу»,- дейді депутат.

Сондай-ақ сенаторлар Үкіметтің салық түсімдерін 3 трлн теңгеге артатыны туралы болжамдарына да сенбейді және мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарының артуына да алаңдаушылық білдіріп отыр. Осы және басқа факторларды ескере келе, комитет заңды кері қайтару туралы шешім қабылдаған.

Ал «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, президентке қол қою үшін жолданды.

Еске сала кетсек, бұл отырыста Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлттық қордан нысаналы трансферттер көлемі шектелетіні жөнінде айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз