Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін импорттау үшін екі ел арасындағы келісім мерзімін ұзартпақшы
![Қазақстан мен Ресей мұнай](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/11/cover-site-3-123-123-1024x576.png)
Қазақстан мен Ресей мұнай жеткізу туралы келісімді жаңартады. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған Энергетика министрлігінің құжатында жазылған.
«2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімінің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу көзделеді»,- делінген құжатта.
Келісімге сәйкес мұнай және мұнай өнімдерін Қазақстанға жеткізу жөніндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімнің қолданылу мерзімі ұзартылмақшы. Бұл мерзімді 2024 жылдың 1 қаңтарынан 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін созу көзделген.
Сонымен бірге келісім аясында 2024 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетика министрліктері мұнай өнімдерін индикативтік теңгерім шеңберінде:
- автобензиндер – 285 мың тонна;
- авиаотын – 300 мың тонна;
- дизель отыны – 450 мың тонна;
- битум тұтынудың ең жоғары кезеңдерінде – 500 мың тонна көлемінде импорттауды көздеп отыр.