Ұлттық қордан нысаналы трансферттер көлемі шектеледі – Байбазаров
Ұлттық банк пен Үкімет Ұлттық қордан нысаналы трансферттер көлемін шектеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сенат отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
Жиында Сенат депутат Сұлтанбек Мәкежанов Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттерден бөлек, алынатын нысаналы трансферттер көлемі артқанын, жалпы трансферттердің сомасы 6 трлн теңгеден асқанын айтты. Ұлттық қорда түсімдерден гөрі шығыстардың артып кеткенін, осы орайда қордың қаражаты ортайып кетуі мүмкін деген алаңдаушылығын жеткізді.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров президент тапсырмасына сәйкес, нысаналы трансферттер көлемін шектеу мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта нысаналы трансферттерге шектеу жоқ. Мемлекет басшысының жолдауында Ұлттық банк пен Үкіметке фискалдық және ақша-несие саясаты арасындағы алшақтықты жою бойынша нақты тапсырма берілді. Осы тапсырма аясында нысаналы трансферттердің көлемін бюджеттік қағидаларға сәйкес шектеу туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Жақында нақты шешім қабылданады. Экономикалық саясат кеңесінде бұл мәселені толығымен қайта қарастырып, бір шешімге келеміз. Жалпы нысаналы трансферттерді шектеу қажеттілігі байқалады»,- деді министр.
Байбазаров оны шектеу қандай тетіктер арқылы іске асатанын және қандай көлемде бекітілетіні алдағы уақытта белгілі болатынын, сонымен бірге Ұлттық қордың қаржысы тек ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталатынын айтты.
Еске сала кетсек, 30 қазанда Нұрлан Байбазаров Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлініп отыратыны жөнінде айтқан болатын. Жалпы 2025 жылы Ұлттық қордан 5,25 трлн теңге көлемінде қаражат алынады деп жоспарланып отыр.