Ресейден көшкен релоканттар, Ауғанстан босқындары мен Африкадан келген жұмысшылар:  Қазақстан азаматтығын кімдер алып жатыр?

Жарияланды (жаңартылды )
2022 жылдан бастап 2024 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде 32 907 ресейлік азамат Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Статистикалық деректер соңғы үш жылда шетелден Қазақстанға келген мигранттардың саны артқанын көрсетіп отыр. Биыл алғашқы 10 айда елімізге шетелден 13 072 955 адам келген. Жалпы 557 555 шетелдік уақытша тұруға рұқсат алыпты. Елімізде ежелден барыс-келісі көп іргедегі Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын есептемегенде, ресейліктердің үлесі күрт артқаны аңғарылады.

Десе де, алыс шетелден келіп, тұрақтап жатқан адамдар да аз емес.

Францияға сыймаған ауғандықтар елімізге келе ме?

Бірқатар француз басылымдары Францияның Қазақстанға заңсыз мигранттардың бір бөлігін жіберу жоспары туралы материал жариялаған болатын. Атап айтқанда, Le Figaro басылымы «Ирак, Мысыр және Қазақстан. Брүйне Рөтайо қашан иммиграция майданында дипломат болып ойнады» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда Францияның ішкі істер министрі Брүйне Рөтайоның аты аталған үш елмен келіссөз жүргізіп жатқаны айтылған. Ол Париж пана беруден бас тартқан мигранттарды осы елдерге жіберуді көздейді.

Мәселен, Франция Талибанды Ауғанстанның заңды үкіметі деп мойындамайды. Екі ел арасында дипломатиялық қатынас үзілген. Сондықтан француз құқық қорғау органдары оларды отандарына қайтара алмайды. Рөтайо Францияға ауып келген ауғандықтарды Қазақстанға жіберуді қолай көріп отырған көрінеді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты Кursіv.media сауалына берген жауабында бұл деректі растамады. Бір қызығы, терістемеді де.

«Қазақстан көші-қон саясаты саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде реадмиссия туралы келісімдерге қол қою мәселесіне ерекше мән беретінін хабарлаймыз», – делінген жауапта.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, мұндай келісімдер – халықаралық серіктестермен сенімді ынтымақтастық орнатудың маңызды қадамы және заңсыз негізде шетелде жүрген азаматтарды елге қайтару тәртібін реттеуге бағытталады.

«Қазақстан осы бағытта халықаралық стандарттарды ұстанып, миграциялық процестерді қауіпсіз және заңды түрде реттеуге арналған шараларды қолдайды», – деп көрсетті министрлік.

Африкалық жұмысшылар Қазақстанға шақыртумен келген бе?

Соңғы кездері Алматы көшелерінен екі қолға бір күрек іздеп келген африкалықтар көзге шалына бастады. Құзырлы органдарды олардың нақты санына қатысты ақпарат жоқ болып шықты. Өйткені шетелдіктер тіркелгенде құрлық емес, нақты елдің атауы көрсетіледі.

Алайда Ішкі істер министрлігі Африка елдерінен келген азаматтар Қазақстанға қалай және қандай жолдармен келетінін түсіндірді.

«Сыртқы істер министрлігі және Ішкі істер министрлігінің бірлескен 2016 жылғы 15 желтоқсан айындағы №1100 бұйрығында көрсетілген негіздерге сүйеніп, көші-қон қызметкерлері Қазақстан Республикасына шақыртуы бойынша шетел азаматтарының құжаттарын қабылдайды. Алайда осы бұйрықтың 16-тармағына сәйкес, виза алуға келісім беру-бермеу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырында», – делінген ІІМ жауабында.

Айтуынша, Ішкі істер министрлігі заңды немесе жеке тұлғалардың шақыртуға рәсімдеген құжаттарын ҰҚК-ге жолдап, екі тарапты байланыстыратын функция атқарады.

Қазақстанның өзге елден бақыт тапқысы келетін мигранттар үшін тартымды бағытқа айналып келе жатқаны байқалады. Бұған нақты сандар айғақ болып отыр. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың 10 айында елімізге шетелден 13 072 955 адам келген. 12 925 865 адам қайта елдеріне қайтқан. Былтыр 14, 1 млн адам келіп, 14 млн адам шыққан. Олардың дені – ТМД елдерінің азаматтары.

Мәселен, Қазақстанға сапарлап келушілердің саны жөнінен Өзбекстан көш бастап тұр: 4 978 222 келіп, 4862 350-кеткен. Ресейден келіп (2 876 412), кеткендердің де (2 897 349) қарасы аз емес.  Ал Қырғызстаннан 2 802 318 адам келсе, оның 2 808 663-і көп ұзамай елден шыққан.

2024 жылдың 10 айында  557 555 (2023ж.- 584 588) шетелдік уақытша тұруға рұқсат алған. Олардың дені Өзбекстан азаматтары (456 358). Оның 416 241-і жұмыс бабымен келген. Қырғызстаннан келген 8 703 адам тұруға рұқсат алыпты. Оның 6 618-і жұмыс істеуге келген.

Ресейдегі заңсыз еңбек миграциясына қарсы шаралардың күшеюі Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарының назарын Қазақстанға аударуға түрткі болып отыр.

Соңғы үш жылда қанша ресейлік Қазақстан азаматтығын алды?

Соңғы кездері Украина мен Ресей арасындағы соғыс көп ресейліктерді үй-жайын тастап, шекара асуға итермеледі. Көші-қон полициясының ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сүйенсек,  2022 жылдан бастап 2024 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде 32 907 ресейлік азамат Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған. Оның ішінде этникалық қазақтар да бар. Солтүстіктегі көрші елден 5 675 қазақ қоныс аударыпты.

Жылдарға шағып көрсетсек, 2022 жылы – 7 698 (оның ішінде этникалық қазақтар – 1 179), 2023 жылы – 18 478 (оның ішінде этникалық қазақтар – 3 080),  2024 жылдың 10 айында 7 731 (оның ішінде этникалық қазақтар – 1 416) адам Ресейден келген.

Көші-қон полициясының мәліметінше, 2022-2024 жылдар аралығында 6 665 ресейлік Қазақстан азаматтығын алып үлгерген. Оның 2 199-і – қандастар.

Мәселен, өзбекстандықтарға қарағанда, ресейліктерге Қазақстан азаматтығын алу әлдеқайда оңайырақ болып отыр. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасында «Азаматтық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы» келісім бар. Бұл келісімге екі елден өзге, Беларусь пен Қырғызстан қол қойған.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің мәліметінше, Қазақстанға нәпақа табуға келген азаматтардың дені Өзбекстанға тиесілі. Заңды тұлғаларда еңбек қызмет істеуге – 2 302,  жеке тұлғалардың үй шаруашылығында үй жұмыскерлері ретінде жұмыс істеуге 262 351 өзбекстандық рұқсат алған.

Екінші орын ресейліктердің үлесіне тиіп отыр. Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сәйкес, биыл алғашқы алты айда 37 272 ресейлік елімізде жұмыс істеуге рұқсат алыпты. Үшінші орында қырғыздар тұр. 5 428 қырғыз Қазақстаннан нан табуды ұйғарыпты.

Сондай-ақ оқыңыз