Еуропа ғарыш агенттігі басқаратын Solar Orbiter миссиясы Күннің сапасы жақсы жаңа төрт суретін жарыққа шығарды.
Негізінде суреттер 2023 жылғы 22 наурызда ғарыш кемесінің сыртына қондырылған екі құрылғы арқылы түсірілген. Бірі – поляриметриялық және гелиосейсмикалық имаджер (ПГИ). Ол жарық кезінде күннің бетін (фотосфера) түсіреді, Күннің магниттік өрісін есептеп, қозғалысын бақылай алады. Осы құрылғы арқылы түсірілген суреттен күн бетіндегі дақты көріп, магниттік өрісінің құрылымын, Күннің бетін картаға түсіруге болады. Бұл ақпарат ғалымдарға Күн бетіндегі маңызды қозғалыстарды түсінуге көмек береді. Ал екінші құрылғы – экстремалды утльракүлгін имаджері (ЭУИ). Бұл аспаппен Күнді утльракүлгін жарықта бақылап, сыртқы атмосферасы мен тәжін бақылауға болады. Күннің тәжі Күн бетіне қарағанда ыстық, сондықтан оны бақылау оңай емес. Ал ЭУИ тәж бен әртүрлі өрнек құрап қозғалатын плазма динамикасын бақылайды.
Күн жүйесінде Күн сияқты динамикалық әрі көпқырлы дене жоқ. Ал Еуропа ғарыш агенттігі басқаратын Solar Orbiter миссиясы Күнді алты имаджер құрылғы арқылы бақылайды. Оның барлығы ғарыш кемесіне Күннің қабаттарынан алыс жүруге және қырларын ашуға жағдай жасайды.
«Күннің магниттік өрісі – жұлдыздың динамикалық табиғатын барлық масштабта түсінуге негіз болатын фактор. Бұл екі жоғары сапалы карта Күн бетіндегі магниттік өрістің әдемілігін, ағынын егжей-тегжей көрсетеді. Ал ЭУИ түсірген сурет Күннің ыстық тәжіндегі магнит өрісін анықтау үшін маңызды», – дейді Solar Orbiter жобасының ғылыми жетекшісі Даниель Мюллер.
Бұл суреттер екі жыл бұрынғы деректердің жалғасы. Ол кезде, яғни 2022 жылғы 7 наурызда Solar Orbiter-ге қондырылған ЭУИ мен Тәж айналасын спектрлік имаджер арқылы түсірілген еді.
Поляриметриялық және гелиосейсмикалық имаджер түсірген суретті үлкейтсе, Күн бедерін көруге болады. Бұл – Күннің нағыз көрінісі: жарқын, үнемі қозғалып жататын ыстық плазмалы. Күннен түсетін сәуленің барлығы осы қабаттан шығады, оның температурасы шамамен 4500-6000°C шамасында. Одан төменірек тығыз плазма «конвекция аймағына» ығысады. Бұл Жер мантиясындағы магмаға ұқсас. Соның нәтижесінде Күн бетіндегі қозғалыс түйіршікті болады.
Бұл суреттер жарияланғаннан кейін көпті таңғалдырған нәрсе – дақтар. Жарықта түсірілген суреттерде дақтар мен тесіктер анық көрінеді. Дақтар айналасындағы денелерге қарағанда салқындау болғандықтан, аз сәуле шығарады.
Поляриметриялық және гелиосейсмикалық имаджер арқылы алынған магнит картасы немесе магнитограмма магнит өрісінің дақтардың айналасында шоғырланғанын көрсетті. Жойқын магниттік өріс дақтар ішіндегі плазманың неліктен салқын екенін түсіндіреді. Әдетте конвекция жылуды іштен сыртқа айдайды, бірақ бұл дақ айналасында және ішіндегі тығыз магнит өрісіне жалғасатын зарядталған бөлшектер әсерінен бұзылады.
Одан бөлек, ПГИ түсірген суреттен Күн бетіндегі денелердің жылдамдығы мен бағытын да көруге болады. Оны әдетте «тахограмма» деп атайды. Ал ЭУИ түсірген Күн тәжінің суреті фотосферада не болып жатқанын көруге мүмкіндік береді. Күн дағының жоғарысында сыртқа шығып жатқан плазма бар. Оның температурасы миллион градус, магнит өрісіне еріп, көршілес дақтарды біріктіреді.
Суреттер Solar Orbiter Күннен 74 миллион км қашықтықта болғанда түсірілген. Күнге осынша жақындағандықтан, құрылғылар Күннің тек аз ғана бөлігін қамти алған. Әр бөлігі жеке қамтылғанша құрылғыны бұрып, айналдырып отыру керек. 25 суреттен құралған мозайка жаңа әрі қиын жұмыс. Сурет түсірілгеннен кейін, оны зерттеу мен құрастыру көп уақыт қажет етпейді. Поляриметриялық және гелиосейсмикалық имаджер командасы дәл осы тектес суреттерді жылына екі рет ұсынып отыра алатынын алға тартты.