Алматы қаласында онлайн ағылшын тілі курсына көңілі толмаған тұрғын оқу ақысын қайтарып алды
Ағылшын тілі курсына қатысқан алматылық тұрғынның оқыту әдістемесіне көңілінен толмаған. Ол Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне шағымданып, компаниядан оқу ақысының бір бөлігін қайтарып алды.
Әйел адам бақандай 1 млн 200 мың теңге төлеген. Онлайн оқу сапасына риза болмаған қатысушы курсты ұйымдастырушылардан ақшаны қайтаруды талап етті. Бірақ оның талабы орындалған жоқ.
Содан аталған департаментке жолығып, мамандардан кеңес алды. Мекеме тұтынушының сотқа дейінгі шағымын тіркеді. Заң жүзінде шара қолданылатынын білген соң, курсты ұсынған компания оқу ақысын қайтаруға мәжбүр болды. Келісімшарт бұзылып, бас-аяғы 840 мың теңгені тұтынушыға төледі.
Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті тұрғындарды заң жүзінде өз құқығын қорғауға шақырды. Сервис немесе тауар сапасына көз жеткізбей тұрып, төлем түбіртегін, келісімшартты – жалпы құжат атаулыны мұқият сақтау керек екенін қаперге салды. Сол арқылы талап қойған компанияға арыз жазуға болады. Егер тұтынушының өтінішін орындаудан бас тартса, мекемеге жолыға алады.
«Бұл жайт тіпті күрделі жағдайда да өз құқығыңызды қорғауға болатындығын көрсетеді. Ең бастысы – өз құқықтарыңызды біліп, мамандардан көмек сұраудан қорықпаңыз», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ресми статистика бойынша Алматы, Шымкент және Астана қалаларында тұтынушылар өз құқығын қорғауда өте белсенді. Тоғыз айда Алматы тұрғындары 222,1 млн теңге, Шымкент тұтынушылары 174,2 млн теңге, ал астаналықтар 157,9 млн теңге өндіріп алды.