Жаңалықтар

S&P 500 индексі 7000 тармаққа дейін көтеріледі, Генслер SEC басшылығынан кетеді, Цифрлық ETF қорларының активтері өсті

обзор
Фото: shutterstock

Уолл-стрит S&P 500 индексі бойынша 2025 жылға арналған оптимистік болжамын жариялады. UBS стратегтері индекстің қазіргі деңгейден 10%-ға өсуін күтіп отыр. Трамптың Гэри Генслер SEC (Құнды қағаздар және биржалар комиссиясы) басшылығынан кеткеннен кейін реттеуді жеңілдету туралы уәдесі нарықты шабыттандырып қойды. Сонымен қатар биткоин және онымен байланысты ETF қорлар жаңа рекордқа жетті. Осы және өзге де тақырыптар туралы 21 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқи аласыз.

UBS: 2025 жылы S&P 500 индексі 7000 тармаққа дейін көтеріледі

CNBC мәліметінше, UBS стратегтері 2025 жылдың соңына қарай S&P 500 индексінің 7000 тармаққа жетеді деп болжам жасады. Бұл қазіргі деңгейден 16%-ға жоғары. Негізгі сценарий бойынша индекс 6600 тармаққа дейін өсіп, қазіргі деңгейден 10%-ға көтерілуі мүмкін.

UBS Global Wealth Management бас инвестициялық директоры Марк Хефеленің айтуынша, егер Дональд Трамп әкімшілігі кезінде салықтардың төмендеуі және реттеудің жеңілдетілуі жалғасса, тұрақты өсім мен жасанды интеллектке инвестициялардың артуы «бұқа» нарығының күшеюіне ықпал етеді.

Дегенмен болашақ оптимизмді әлсіретуі мүмкін бірнеше тәуекел бар. Оның ішінде агрессивті сауда тарифтері, АҚШ бюджетіндегі үлкен тапшылық және геосаяси келіспеушіліктер атап өтілген. «Бұл факторлар инфляция мен нарықтағы құбылмалылықты арттыруы мүмкін», – дейді Хефеле.

Айта кетейік, сәрсенбі, 20 қараша күні Wells Fargo стратегтері 2025 жылға арналған болжамдарын жаңартты. Олар S&P 500 индексінің мақсатты деңгейін 6500-6700 тармаққа дейін жоғарылатты. Бұған дейін ол 6200-6400 пункт аралығында болған-ды. Бұл көрсеткіштер қазіргі деңгейден шамамен 13%-ға жоғары.

Осы аптада АҚШ қор нарығына қатысты Morgan Stanley (+11%) және Goldman Sachs (+10%) сияқты ірі банктер де оптимистік болжамдарын жариялады. Ал өткен аптада Yardeni Research 16%-дық өсім болжамын ұсынды.

Гэри Генслер 20 қаңтарда SEC басшылығынан кетеді

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Құнды қағаздар және биржалар комиссиясының (SEC) төрағасы Гэри Генслер 20 қаңтарда отставкаға кетуді жоспарлап отыр. Оның орнына комиссия басшысы ретінде республикашыл Марк Уйеда немесе оның партиялас әріптесі Хестер Пирс тағайындалуы мүмкін.

Гэри Генслер агрессивті саясат ұстанып, климаттық тәуекелдер туралы ақпаратты ашу, биржалық сауданы реформалау және криптовалюта алаяқтықтарына қарсы күреске басымдық берді. Оның кейбір ережелері нарық қатысушыларының қатты сынына ұшырап, кейбірі сот арқылы жойылды да.

Жаңа төраға Генслердің негізгі ережелерін өзгертуге және криптовалюталарға қолайлырақ нормативтік талаптарды енгізуі мүмкін. Дональд Трамп криптовалюталарға оң көзқараспен қарайтынын айтқан болатын. Жаңа басшы хедж-қорлар мен тікелей инвестицияларды реттеуден гөрі ақпарат ашудың қатаң талаптарына көңіл бөлуді қолға алып, климаттық тәуекелдер туралы ақпарат ашу ережелерін жеңілдетудің жолдарын іздеуі ықтимал.

Сонымен қатар Трамп әкімшілігінің тұсында SEC брокерлерге, банктерге және хедж-қорларға үшінші тарап хабар алмасу қосымшаларын қолдануға қатысты талаптарды жеңілдетуі мүмкін.

Америкалық цифрлық ETF қорларының активтері 100 млрд доллардан асты

Bloomberg деректеріне сүйенсек, АҚШ-тың биткоинге инвестиция салатын биржалық қорларының жалпы активтері криптовалютаның қарқынды өсуіне байланысты 100 млрд долларлық межеден асты. BlackRock және Fidelity Investments секілді эмитенттерден құралған 12 биткоин ETF қоры бұл көрсеткішке іске қосылғаннан кейін 10 ай ішінде жетті. Тек өткен сәрсенбі күні ғана аталған қорларға 773 млн доллар таза инвестиция түсті.

Биткоиннің өсуі инвесторлардың Дональд Трамптың криптоактивтерге жұмсақ саясат ұстанатынына үміт артуынан туындаған.

«Бұл ралли Трамптың жаңа әкімшілігімен байланысты криптовалюталарға қатысты жаңалықтармен тұрақты түрде қолдау тауып отыр», – дейді BTC Markets Pty компаниясының бас директоры Кэролайн Боулер.

Бейсенбі, 21 қараша күні биткоин 3,6%-ға өсіп, 97 892 доллар рекордтық деңгейге жетті. Трамп сайланған сәттен бастап биткоин ETF қорларына 5,8 млрд доллар қаржы тартылған, ал биткоиннің өзі 2024 жылдың басынан бері 129%-ға өсті.

Goldman Sachs: Snowflake акциялары 70%-ға өсуі мүмкін

CNBC мәліметінше, Goldman Sachs аналитигі Каш Рангар Snowflake компаниясының акциялары бір жыл ішінде 70%-ға өседі деп болжам жасады. Ол акцияларды сатып алуды ұсынып, олардың мақсатты бағасын 220 доллар деңгейінде қалдырды.

«Компанияның мықты бәсекелестік позицияларын ескере отырып, Snowflake деректерді «бұлтты» сақтау жүйесіне ауыстырудан пайда табатын толық мүмкіндікке ие деп санаймыз», – деді Рангар.

Бейсенбі күні Snowflake акциялары 32%-дан астам өсіп, 170 доллар тарихи максимумына жетті. Бұл инвесторлардың компанияның үшінші тоқсандағы нәтижелерінің болжамнан асып түсуіне байланысты оң реакциясы еді. Компания жылдық кіріс болжамын 3,43 млрд долларға дейін жоғарылатты. Бұл 29%-дық өсімді көрсетеді. Сондай-ақ Snowflake Amazon қолдайтын Anthropic жасанды интеллект стартапымен серіктестік орнатуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Сарапшылар осындай жағдайда компания капиталының өсуі жалғасып, акциялары ең үздік нәтижелерді көрсетуі мүмкін деп күтеді. Уолл-стриттің басқа стратегтері де Snowflake-ке қатысты оптимистік көзқараста. JPMorgan Chase аналитигі Марк Мерфи акциялардың мақсатты бағасын 185 доллар (+9%) деңгейінде белгілесе, Bank of America аналитигі Брэд Силлс бұл көрсеткішті 180 долларға дейін көтерді.