Банк пен қаржы

Қазақстан экономикасындағы ақша массасының артуы инфляцияға қысымды күшейтеді – экономист

Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк дерегі бойынша, биыл Қазақстан экономикасындағы ақша массасы мен ақша резерві артқан.Қазан айының соңында Қазақстанда ақша массасы 19,9%-ға (бір жылмен салыстырғанда), ақша базасы 40%-ға өсті. Сондай-ақ бір жыл ішінде қолма-қол ақша айналымы 14,3%-ға артқан.

Ал экономист Ғалымжан Айтқазинов ақша масса мен ақша резервінің қарқынды өсуі – елдегі инфляцияға қысым жасайды деп тұжырымдайды.

2024 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша, М2 ақша агрегаты(айналымдағы қолма-қол ақша, жеке және заңды тұлғалардың депозиттері, сондай-ақ тұрғындардың теңгемен және шетел валютасындағы жинақ депозиттері көрсеткіші) бір айда 3,0%-ға өсіп, 36,4 трлн теңгеге жеткен. М2 көрсеткіші жылдық мәнде 19,9% өсім байқатқан.

Сонымен қатар, қазан айында айналымдағы қолма-қол ақшаның айлық өсімі 1,3%-ды құрады. Экономикадағы айналымдағы қолма-қол ақша көлемі жыл басынан бері 11,0%-ға, ал жылдық өсімі 14,3% құраған.

Ал ақша базасының өсімі 17,3%-ды құраса, жылдық өсімі 40%-ға жетті. Айта кету керек, ақша базасы – бұл мультипликация арқылы ақша айналымына негіз болатын және Ұлттық банктің өтімділікті алу және беру бойынша міндеттемелерінқамтитын көрсеткіш.

Экономист Ғалымжан Айтқазиновтың жазуынша, Қазақстандағы ақша массасы 4 агрегаттан тұрады:

  • М0 – айналымдағы қолма-қол ақша;
  • М1 – «Ақша», М1 = М0 + талап етілетін және аударылатын теңгедегі депозиттер;
  • М2 – М1 + мерзімді және жинақ депозиттері + талап етілетін және аударылатын шетел валютасындағы депозиттер;
  • М3 – «көп ақша», М3 = М2 + шетел валютасындағы мерзімді және жинақ депозиттері.

Осылайша, Қазақстан экономикасындағы ақша базасы мен негізгі ақша агрегаттарының одан әрі артуы – бюджетке қолдан ақша көп құйылып жатқанын байқатады.

«Экономикадағы импорттық сұраныстың артуымен бірге ақша массасының, әсіресе айналымдағы қолма-қол ақшаның өсуі – инфляциялық қысымның маңызды факторы. Біздің есептеуіміз бойынша, 2024 жылдың басынан бері Қазақстандағы тұтынушылық инфляция 6,8%-ды құрады», – деп жазады экономист