Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркельдің балалық шағы мен саяси өмірі туралы естеліктерден тұратын мемуары жарық көрді. Die Zeit басылымы кітаптан үзінділерді ұсынды.
Әлемдегі ең ықпалды әйелдердің бірі Ресеймен байланыс, Украинаның НАТО-ға кіруі, АҚШ саясаты туралы ой қозғаған. Кітап «Бостандық: 1954-2021 жылдардағы естелік» деп аталады. Мемуардың ресми тұсаукесері келесі аптаға жоспарланған.
Ангела Меркель Германияны 16 жыл басқарды және әлемдегі ең ықпалды көшбасшылардың бірі саналды.
Алайда соңғы уақытта оның саяси шешімдеріне қатысты сын айтыла бастады. Көптеген саясаткер Меркельдің Ресейге қатысты екіұшты ұстанымы Еуропадағы қазіргі жағдайға, атап айтқанда, Украинадағы соғысқа әкелді деп санайды.
Еуропалық басылымдар Меркельдің өз билігі кезіндегі оқиғаларды сипаттайтын естеліктерін «оның замандастары мен халықтың алдында өзін ақтауға тырысуы» деп атап өтті.
Меркель Украина туралы не жазады?
Ол өзінің естеліктерінің маңызды бөлігін Украинаға арнады. Оның ішінде аталған елдің НАТО-ға кіру мүмкіндігіне қатысты күмәнін жазған.
«2008 жылы Бухаресте өткен саммитте Украинаға альянсқа мүшелікке үміткер ел мәртебесін беру мәселесі талқыланды. Бұл Киев үшін маңызды сәт болды. Дәл сол саммитте Украина мүшелігі болашақта тағы да талқыланатынын айттым. Мұны Ресей басшысы соғыс жариялау ретінде қабылдады», – деп мойындайды экс-канцлер.
Меркель өзінің естеліктерінде Украинаның НАТО-ға кіру ниеті жалпы әскери альянстың қауіпсіздік мәселелерімен теңестірілуі керек деп санағанын айтады.
Ол сол кезеңдегі Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа, Қырым жағалауында Ресейдің флотының болуына алаңдағанын жазған.
«Сіз мәңгі канцлер болмайсыз. Содан кейін олар НАТО-ға мүше болады, мен бұған жол бермеймін», – деген Путин бірде Меркельге.
Меркель иттен қорқады, мұны Путин білген
Меркель Путинмен 2007 жылы Сочиде кездесу өткізген. Ресей президенті қонағының иттерден қорқатынын біліп, итін жиналыс бөлмесіне кіргізген.
«Ол өз елінде немесе басқа жерде демократиялық құрылымдар құруға немесе жақсы жұмыс істейтін экономикаға ие болуға мүдделі емес», – деп жазды естелігінде бұрынғы канцлер.
Дональд Трамппен қарым-қатынасы
Ангела Меркельдің бастапқыда Дональд Трамппен қарым-қатынасы қиын болған. Естеліктерінде ол тіпті Рим Папасы Францисктен осыған қатысты кеңес сұрағанын мойындады.
2017 жылы Трамп «АҚШ-ты Париж климаттық келісімдерінен шығарамын» деп қорқытқан. Ақыры ол аталған жоспарын іске асырған.
Осы кезде Рим Папасы: «Трамппен қатынасыңды қиын болса да қиыстыруға тырыс, бірақ үзбе», – деп жауап берген.
Меркельдің айтуынша, оған бұл кеңес қатты ұнағаны сонша, оны АҚШ президенті қатысқан бірқатар келіссөздерде қолданған.
«Жылдар бойы Нью-Йорк көшелеріндегі көптеген неміс көліктері Трамптың көзіне күйік болды. Оларды америкалықтардың сатып алу фактісі, оның пікірінше, демпинг және еуро мен доллар арасындағы айырбас бағамын басқарудың тәсілі», – деп жазды экс- канцлер.
Меркельдің айтуынша, 2017 жылы Ақ үйде өткен кездесуде Трамп фотографтардың көзінше канцлердің қолын алмай, амандаспай қойған.
«Біз екі түрлі деңгейде сөйлестік. Трамп – эмоциялар деңгейінде, мен – фактілер бойынша. Оның ойынша барлық ел бір-бірімен жарысып, бірінің жетістігі екіншісінің сәтсіздігі болды. Ол ынтымақтастық барлығының әл-ауқатын арттыра алатынына сенбеді», – деді Меркель Трамп туралы.
Еске сала кетсек, Меркель 1,2 млн-нан астам босқынға пана бергені үшін БҰҰ сыйлығын алды.
Ангела Меркель – немiс саяси және мемлекеттік қайраткері. Мамандығы бойынша ғалым-физхимик. Германияның сегізінші Федералдық канцлерi. 2005—2021 жылдары жалпы 16 жыл елді басқарған Германияның алғашқы әйел-канцлерi. Forbes журналының нұсқасы бойынша әлемнің ең ықпалды әйелдер қатарында. Ол Украинаның шығысында орын алған оқиғадан кейін, Ресейге санкция салу бастамасын қолдағандардың бірі. Ол билікте болған кезінде Еуроодақтың сақталуы үшін көп күш салды. Тіпті әлемдік дағдарыс пен пандемия кезінде де Еуропа елдері ынтымақтастығын арттыруға тырысты.