Кез келген ел мұндай жағдайдан кейін бомбадан паналайтын орындар бар ма, олардың жай-күй қандай деген мәселелерді қарастырады/фото: shutterstock
«Орешник» зымыранын Ресейдің Украинаға қарсы қолданып, соғыстың жаңа кезеңге шығуы Қазақстанды сақтық шараларын күшейтуге мәжбүрледі. Тоқаев азаматтық және әскери нысандардың қауіпсіздік мәселесі туралы тапсырма берді. Үкімет шұғыл жиын өткізді. Қазақстандық сарапшылар Астананың неге мұндай қадам жасап жатқанын айтып берді.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедтің пікірінше, Ресей мен Украина арасында соңғы оқиғаларды жоғары деңгейдегі эскалация деп атауға болады. Жанжал бұдан әрі күшеюі ғажап емес.
«Ресей «Орешник» атты орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыранмен Украинаға соққы берді. Кейбіреулердің айтуынша, зымыран Қазақстанмен шекаралас Астрахан облысындағы Капустин Яр полигонынан атылған. Ол полигонға Украина тарапынан қарымта соққы жасалуы ықтимал. Қате есептің кесірінен, қазақ жеріне түсуі мүмкін. Бұл жай қару емес. Үлкен зымыран», – дейді сарапшы.
Саясаттанушы Аман Мәмбетәлі жанжал жаңа деңгейге шықты, Қазақстанға ғана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қауіп-қатер төніп тұр деп есептейді.
«Қақтығыс ошағы бізден алыс жатқан жоқ. Іргеміздегі Ресей құрлық аралық баллистикалық қару қолданып отыр. Бұл – жақсы нәрсе емес. Бұған Украина мен Батыс қарсы реакция білдірсе, бұл соғыс келесі кезеңге өтеді. Жаңа «қырғи-қабақ соғысқа» немесе күрделі соғысқа әкеп соғуы мүмкін», – дейді сарапшы.
Саясаттанушы Тоқаевтың реакциясы оперативті және дұрыс деп бағалайды.
«Президент те, Сыртқы істер министрлігі де «соғыс тоқтатылып, бейбіт жолмен шешілуі керек, бейбіт тұрғындар запа шекпеуі қажет» деп ұстанымдарын бірнеше мәрте білдірді. Украина және оны қолдап отырған Батыс мемлекеттерінің басшыларымен кездескен кезде де осындай пікір білдірді. Ресейдің, оны қолдайтын мемлекеттердің басшыларына да дәл осы парадигманы айтты», – дейді Аман Мәмбетәлі.
Дипломат Қазбек Бейсебаев баллистикалық зымыранды осы уақытқа дейін ешқандай ел қолданған емес. Оның пікірінше, әлем дүниежүзілік соғысқа бір қадам жасап отыр.
«Қазақстан қауіп-қатерлерге дайын болуы тиіс. Кез келген ел мұндай жағдайдан кейін бомбадан паналайтын орындар бар ма, олардың жай-күй қандай деген мәселелерді қарастырады. Бұл – дұрыс реакция», – дейді сарапшы.
Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Ресей бұл әрекетімен жойқын қаруы бар екенін көрсетті.
«Путин қажет болса, Украинаға зымырандарды қолдануға рұқсат берген басқа да мемлекеттерге соққы беруге моральдық құқығымыз бар деп мәлімдеді. Ресейлік зымырандар өте жылдам. Ресей президенті мұндай қарудың баламасы жоқ екенін тағы да ескертті. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген қазақтың сөзі бар. Путин күшін көрсетіп жатыр», – дейді ол.
Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, бұл соғыс ұзаққа созылмауы мүмкін.
«Меніңше, тараптар бір-біріне күш көрсетті. Бірақ осымен доғарады. Өйткені соғыстан бәрі шаршады. Зеленский Қырым мәселесін дипломатиялық жолмен шешетінін айтты. Бұл – Украина Қырым үшін соғыспайды деген сөз. Оның алдында 1991 шекараны қайта қалпына келтіру жөнінде айтатын. Риторика өзгеріп жатыр. Бризилияда G20 cаммиті өтті. Олар Украина мәселесі бейбіт жолмен шешілсін деп шешім шығарған. Бітті», – дейді дипломат.
Бейсебаевтың пайымдауынша, АҚШ пен Еуропаның өз мәселесі толып жатыр. Францияда саяси күрес күшейген. Десе де, соғысушы екі ел Трамтың инаугурациясына дейін жаға жыртысады. Мақсат – жерді көп алып қалу.
«Ресейліктер Донбасс пен Луганскі аумағын алғысы келеді. Оны бермеу үшін Украина Курскте ұрыс жүргізіп жатыр. Бір жарым ай ғана уақыт бар. Трамп келген соң, келіссөз басталады. Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы «38 паралель» секілді шешім іздейді», – дейді дипломат.