Алматыдағы кептеліс экономикаға күніне 2 млн доллар шығын келтірген

Жарияланды 22 Қараша 2024 17:29

(жаңартылды 22 Қараша 2024 18:03)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Алматыдағы кептеліс экономикаға 2 млн доллар шығын келтіреді
Алматыдағы кептеліс экономикаға 2 млн доллар шығын келтірген / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласында көлік кептелісі бір күн ішінде Қазақстан экономикасына 2 млн доллар шығын келтірген. Бұл туралы қалада өтіп жатқан «Ақылды қала: технологияның қала мен азаматтардың қауіпсіздігіне әсері» шарасында Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев айтты.

Оның айтуынша, әсіресе Алматыдағы жол көлік оқиғалары кезінде пайда болатын кептеліс көбейген. Бұл экономикаға 2 млн доллар (600 млн теңге) шығын келтірген. Ал азаматтардың жол көлік оқиғалары кезінде азаматтардың қайтыс болуы экономикаға 100 млн теңге шығын келтірген. Алайда ол бұл деректердің 2018 жылғы екенін атап өтті. Одан бергі жағдайға қатысты жаңа деректер жоқ.

«Тіпті Әл-Фараби көшесінің өзін алсақ, жол көлік оқиғасы болғанда автожолдың бір бөлігі жабылатын болса, бұл кептеліске алып келеді», – дейді Керімбаев.

Ол мәселені шешу үшін 2024 жылдан бастап Еуропротокол жүйесі қосылғанын айтады. Бұл шағын жол көлік оқиғасы кезінде патруль шақырмай-ақ, мәселені онлайн заң аясында шешу мүмкіндігі. Яғни 100 АЕК (369 200 теңгеге) дейінгі шығындарды өтеу жолы болған.

«Жол көлік оқиғаларының 40% осы Еуропротоколмен-ақ шешуге болады. Яғни патрульдерді шақырмай-ақ, қосымша құжаттар жинамай, ұзақ уақыт жолда тұрып, кептеліс туғызбаудың жолы бола алады», – деді ол.

Оның айтуынша, 2023 жылы осы кезге дейін ғана бір Астана қаласының өзінде 55 227 жол көлік оқиғасы болған. Алматы қаласында 48 148, Шымкентте 17 660 оқиға болды.

Керімбаевтың айтуынша, Еуропротоколды енгізу елдегі сақтандыру қаржысын ала алмайтын жүргізушілерге де көмек көрсетеді. 

«Қазақстанда 5 миллион автокөлік болса, жылына 200 мың көлік жол көлік оқиғасына тап болады. Олардың 90 мыңы ғана сақтандыру қаржысын алады. Еуропротокол арқылы олар келген зардапты оңай дәлелдеп, сақтандыру алу мүмкіндігі артады», – деді ол.

Еуропротокол – жол патрулін шақырмай жол көлік оқиғасын рәсімдеудің және сақтандыру компаниясынан өтемақы алудың жылдам тәсілі.

Сондай-ақ оқыңыз