Жаңалықтар

Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты тапсырма берді

Тоқаев
Тоқаев Украинадағы жағдайға байланысты тапсырма берді / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты күштік құрылымдарға тапсырма берді.

Президент тапсырмасында елдегі негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау керек екені айтылған. 

Президент баспасөз хатшысы Берік Уәлидің жазуынша, тапсырма премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына, күштік ведомстволардың басшыларына және әкімдерге бағытталды.

«Қазақстан Парламенті палаталарының төрағалары қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді. Елдегі жағдай президенттің жеке бақылауында. Біздің мемлекетіміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заңдылық пен тәртіпті сақтау», – делінген хабарламада.

Бұған қоса, Уәли осы кезге дейін бірнеше рет Қазақстанның Украина мен Ресей арасындағы әскери шиеленісті тоқтату мәселесін қолдағанын атап өтті.

21 қараша кешке Ресей президенті Владимир Путин Украинаға баллистикалық зымыранмен шабуылдаудың сәтті болғанын айтқан. Ол әлі де зымырандармен шабуылдауды жалғастыратынын да ескерткен.

20 қарашада Украина Ресейдің Брянск облысына ATACMS зымырандарын атқылаған. 18 қарашада АҚШ президенті Джо Байден Украинаға осы қару қолдануға ресми түрде рұқсат берген.