Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың шиеленісуі алтын бағасының қымбаттауына алып келді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының жазуынша, алтын – тұрақты және тәуекелі аз инвестиция құралы саналады. Әлемдік нарықта алтын бағасы қазір унциясына 2690 доллардан асты.
Тәуекелі аз инвестиция құралы ретінде алтын бағасына Украинаның америкалық ATACMS және британдық Storm Shadow ракеталарын қолданғаны, оған Путиннің жауабы әсер еткен.
Жыл басынан бері алтын бағасы жалпы 28% қымбаттаған. Алайда Deutsche Bank мәліметі бойынша, Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін, алтын бағасы 7%-ға төмендеген болатын.
Ал UPS сарапшылары 2025 жылға қарай бағалы металл құны одан әрі көтеріліп, бір унциясына 2900 доллардан асады деп болжайды. Ал 2026 жылға қарай унциясы 3000 долларға жетуі мүмкін.
Өйткені орталық банктердің алтынға деген сұранысы артқан. Одан бөлек, алтын бағасына Федералды резерв жүйесінің ақша-несие саясатын жұмсартуы, Еуропа мен Таяу шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы да ықпал етеді.