Халықаралық ұйымдар Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейін «төмен» деп бағалайды – Байбазаров
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров халықаралық ұйымдардың Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейін «төмен» деп бағалап отырғанын айтты. Бұл туралы министр 21 қараша, бейсенбі күні, Сенат Парламентінің кулуарында мәлімдеген.
Премьер-министрдің орынбасары Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және халықаралық рейтинг агенттіктері жыл сайын Қазақстанның экономикалық даму және қаржылық тұрақтылық деңгейіне қатысты баға беріп отыратынын айтқан. Рейтингтік агенттіктер мен қаржы ұйымдарының бағалауына сәйкес, Қазақстан экономикасы тұрақты, ал қарыз деңгейі төмен.
«Халықаралық кредиттік рейтингтерде болған соңғы өзгерістер еліміздің фискалдық, қаржылық тұрақтылығын айғақтайды. Бізде Ұлттық қор түріндегі қомақты валюталық резервтер және алтын-валюта резервтері бар. Олардың көлемі қазірдің өзінде 100 млрд доллардан асты және бұл инвестицияны белсенді тартуға мүмкіндік беретін қаржылық қауіпсіздік кепілі іспетті», – деді министр.
Сонымен бірге министрдің айтуынша, мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданған. Оған сәйкес, мемлекеттік қарыз, тұтастай алғанда, елдің жалпы ішкі өнімінің 32%-нан аспауы тиіс. Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 23% төңірегінде.
«Бұл мемлекеттік қарыздың көлемі бойынша жеткілікті қауіпсіз әрі қолайлы деңгейде екенін білдіреді», – дейді Байбазаров.
Сондай-ақ министр бұл қарызды инвестиция ретінде қарастыру қажет екенін, өйткені шетелден келетін инвестицияларды тарту арқылы жалпы экономиканы дамытуға мүмкіндік беріліп жатқанын атап өткен.
«Біз жол саламыз, инфрақұрылымға инвестиция саламыз, жаңа өндірісті іске қосамыз. Бұл еліміздің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін, болашақта экономикалық дамудың берік негізін қалыптастырады», – деді ол.
Еске сала кетсек, Ұлттық экономика министрі Сенат депутаттарына 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын таныстырған болатын. Алайда сенаторлар Үкіметтің бұл жобасын қабылдамай, кері қайтарды.
Депутаттар мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарының артып кеткенін, осы жылы ЖІӨ болжамдарының үш рет өзгеріске ұшырап, жоспар орындалмағанын, инфляциялық жағдайдың да тұрақталмай жатқанын алға тартқан.