«Заң бойынша өз жазасын алды». Сыздықбеков жиналыс үстінде ұсталған қызметкері туралы айтты
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков жиналыс үстінде ұсталған әкімдік қызметкері Азат Момынов туралы айтты. Бұл туралы әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Сыздықбеков жиында қала басшылығына келген сәттен бастап, әкімдіктегілерге өзінің жемқорлыққа қатысты позициясын ашық айтып, өзінің бұл мәселедегі ұстанымынан айнымайтынын ескерткен.
«Президентіміз бен барлық басшылық орган жемқорлықпен күресіп, оның көзін құртуды көздейді. Мен басшылыққа келе сала, әкімдіктердегі әріптестеріме өз позициямды ашық айттым. Бизнес өкілдеріне де бұдан былай жемқорлыққа жол берілмейтінін ескерттім. Соның өзінде жанымызда жүріп, әртүрлі әрекеттерге барып, заңсыз табыс табуды көздеген қызметкерлеріміз болды. Олар заң бойынша өз жазасын алғанын жақсы білесіз», – деді әкім.
Ғабит Сыздықбеков сонымен бірге жемқорлық азайды деп айта алммайтынын, әр салада болып жатқан заңсыз әрекеттерден хабары бар екенін айтты.
«Олармен айналысатын арнайы құзырлы орган бар. Ал біздің позициямыз таза, адал жолмен жұмысымызды атқару. Бұл ұстанымымыз өзгермейді», – деді шаһар басшысы.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың ақпан айында Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков өткізіп жатқан жиналыс үстінде әкімдіктің лауазымды тұлғасы Азат Момыновты Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері ұстап алып кеткен болатын. Сол кезде әкім бұл жағдайдың әкімдік қызметкерлеріне ой салатынын, шенеуніктердің әр нәрсенің сұрауы бар екенін айтқан. Сонымен бірге жемқорлыққа баратын шенеуніктерге мұндайда арашалап, қорғап қалар ешкімі қалмайтынын, сол үшін әркім өз міндетін адал атқаруы тиіс екенін ескерткен.