eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты сауалнама жарияланды

Жарияланды (жаңартылды )
уақыт белдеуін
eGov mobile қосымшасындағы сауалнамада уақыт белдеуін қайтару мәселесі сұралады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты сауалнама жарияланды. Онда азаматтардан қай уақыт белдеуі оңтайлы екені сұралады.

eGov mobile қосымшасының «Сауалнамалар» бөліміне 21 қарашада орналастырылған сауалнама 5 сұрақтан тұрады. Олар келесідей:

  1. Күндізгі уақытта не нәрсеге көп уақытыңыз жетіспейді?
  2. Күніңіздің қай бөлігін ең өнімді деп санайсыз?
  3. Қаламызда кафелер мен фитнес орталықтарын ертерек ашу идеясына қалай қарайсыз? Бұл сіздің күніңізді жайлы ете ме?
  4. Қазіргі қолданыстағы уақыт өлшеміне қатысты ойыңыз қандай?
  5. Сізге қай уақыт белдеуі оңтайлы?

Жауапта бұрынғы уақыт белдеуіне оралу нұсқасы да бар.

Ғылым министрі Саясат Нұрбек 20 қараша күні бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны туралы айтқан болатын. Министр ақша жоспарланған сомадан да аз кетуі мүмкін екенін, ғылыми зерттеуге бірнеше институт қатысатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 наурызында Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, уақытты бір сағатқа кері жылжытты. Үкіметтің бұл шешіміне қарсылық білдірген қазақстандықтар көп ұзамай петиция жариялап, оған 60 мыңнан астам адам қол қойды. Бұдан соң, петиция үкімет қарауына өтті. Алайда Сауда және интеграция министрлігі халық қалауын орындаудан бас тартты. Ведомстов UTC+5 уақыт белдеуін Қазақстан үшін ең тиімді деп санайтынын жеткізді.

Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бір сағат кері қайтарылған уақытты қалпына келтіру мәселесі тек 3 жыл өткен соң ғана қаралатынын айтты.  

Сондай-ақ оқыңыз