Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте шұғыл жиын өткізді. Жиында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов есеп берді.
«Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты Мемлекет басшысының негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жедел кеңес өткізді»,- делінген Үкімет үйінің хабарламасында.
Жиынға қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшылары қатысқан.
Бектеновке Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов елдің қауіпсіздігі жөнінде есеп беріп, стратегиялық және инфрақұрылымдық объектілерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған. Бұдан кейін премьер-министр мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған бірқатар міндеттер қойып, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау объектілерінің қызметін қамтамасыз етуді тапсырған.
Сонымен бірге уәкілетті құрылым басшыларына президенттің қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сай, жағдайды ерекше бақылап, өзгерістер туралы шұғыл режимде баяндау міндеттелді.
Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты күштік құрылымдарға елдегі негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Тоқаев тұрақтылықты, тыныштықты, заңдылық пен тәртіпті сақтау маңызды екенін ескерткен.
21 қараша кешке Ресей президенті Владимир Путин Украинаға баллистикалық зымыранмен шабуылдаудың сәтті болғанын айтқан. Ол әлі де зымырандармен шабуылдауды жалғастыратынын да ескерткен.
20 қарашада Украина Ресейдің Брянск облысына ATACMS зымырандарын атқылаған. 18 қарашада АҚШ президенті Джо Байден Украинаға осы қару қолдануға ресми түрде рұқсат берген.