Қазақстан жыл соңына дейін Германияға 1,4 млн тонна мұнай экспорттайды

Жарияланды
Қазақстан Германияға 1,4 млн тонна мұнай жеткізеді/ фото: kursiv.media

Қазақстан Берлинге мұнай тасымалын ұлғайтпақ. Жыл соңына дейін 1,4 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Қаңтар-қазан айларында 1,2 миллион тонна мұнай экспорттады. «Дружба» құбыры арқылы «қара алтынды» көбірек жеткізу қарастырылған.

Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан алынған қазақстандық мұнай ресейлік «Дружба» мұнай құбырына құйылады. Одан кейін солтүстік тармақ бойымен Унеча-Адамова заставасы арқылы өтеді. Сосын Беларусь және Польша аумақтарынан транзит көмегімен Германияның Шведт қаласындағы зауытқа жеткізіледі.

Қазақстан 2025 жылдағы экспорт көлемі өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Асхат Хасенов Берлинге мұнай тасымалын арттыру ұзақ мерзімді жоспарға енгізілмегенін, нарықтағы жағдайды бағамдай отырып, ай сайын экспорт көлемі қай деңгейде болуы керектігі нақтыланатынын айтты.

Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Германия 2,5 миллион тоннаға арттыруды сұрағанын хабарлады. Бірақ Қазақстан Берлиннің бұл өтінішін әзірше орындай алмайтыны анық.

Kursiv Media Қазақстанның Германияға мұнай экспорттауды азайтқаны туралы хабар таралғанын жазды. Бірақ қазақстандық ведмство бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Астана жыл басынан бері құбыр арқылы 58 млн тоннаға жуық мұнай тасымалдады. 15 млн тоннадан астамы елдегі зауыттарға жеткізілді. Республика арқылы көрші елдер 8,4 млн тонна мұнай транзитін өткізген.

Сондай-ақ оқыңыз