Тоқаев тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заңға қол қойды. Осы заң арқылы қандастардың баспана алу жолын жеңілдету көзделген.
Бірінші блог бойынша бірнеше тетік қарастырылған:
- «Отбасы» банк арқылы үй кезегін орталықтандыру;
- Мемлекет жалға берген пәтерді жалдау ақысының белгілі бір бөлігін өтеу;
- Жылдық мөлшерлемесі аз ипотеканы рәсімдеуді жеңілдету.
«Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл, бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі.
Заң түсіндірмесіне қарағанда «Отбасы банктің» құзіреті кеңейе түспек.
Екінші блогта баспанаға зәру тұрғындарға қосымша кепілдік беру көзделген. Келесі бөлімде үй беру ережелері толықтырылды. Одан бөлек жер заңнамасы, құрылыс жүргізу қағидалары өзгертілді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы тұрғын үй қатынасын жетілдіріп, белгілі бір санаттар бойынша жеңілдік пакеттерін ұсынуға себепші болмақ.