Ұлттық банк 9,6 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» депозитарлық қолхатын сатқан
Ұлттық банк қазан айында 9,65 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының депозитарлық қолхатының бір бөлігін сатқан. Бұл туралы БЖЗҚ активтерін инвестициялық басқару жайындағы есепте жазылған. Осы қолхаттарды Ұлттық банк зейнетақы қорының қаржысына 2018 жылғы IPO аясында сатып алған.
Қазанда Ұлттық банк портфелінде Қазақстан эмитенттері акциялары және депозитарлық қолхаттарын ағымдағы құны 7,69 млрд теңгеге артып, жалпы 383,35 млрд теңгені құраған. Олардың жалпы портфельдегі үлесі 1,80%-ға тең.
«Қарастырылып отырған кезеңде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ депозитарлық қолхаттарының бөлігі 9,65 млрд теңге сомасында сатылды. ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары сатып алынбады», – делінген инвестициялық есепте.
Қазір Ұлттық банктің сенімерлік басқаруына зейнетақы қорының 21,3 трлн теңге активі бар. Бұл активтердің ыл басынан бергі инветтабысы 12,67%-ды құраған. Қазақстандағы инфляция 8,5 пайыз болса, инвесттабыс одан 6,6 пайызға асып түсті. Жалпы жыл басынан бері 2,4 трлн теңге инвестициялық табыс есептелген.
Айта кетейік, 2024 жылдың жазында Ұлттық банк Ұлттық қор қаржысына «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының 12 пайызын сатып алған болатын. Бұл акциялар сосын Қаржы минитрлігінің меншігіне өткен. Мәміле нәтижесінде атом компаниясының ірі акционері «Самұрық-Қазына» қорының үлесі азайды.
Ұлттық атом компаниясының акционерлері кім?
2024 жылғы 30 маусымға дейін компания акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, ал 25%-ы еркін айналымда болған. Биыл жазда Ұлттық банк «Самұрық-Қазына» қорынан Ұлттық қор есебіне компания акцияларын биржадан тыс сатып алды. Осы мәміле нәтижесінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үлесі 75%-дан 62,9%-ға дейін төмендеді. Қазір «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының осы 12 пайызы Қаржы министрлігіне тиесілі, ал қалған 25 пайызы еркін айналымда жүр.
Компания қаржы есебіне сәйкес, компанияның жарияланған және орналастырылған (төленген) жай акцияларының саны 259 356 608 дананы құрайды. Соның 25%-ы ғаламдық депозитарлық қолхаттар түрінде Астана халықаралық биржасы (AIX) және Лондон қор биржасында (LSE) орналастырылған. Бір ғаламдық депозитарлық қолхат бір акцияға тең. Әрбір жай акция бір дауыс құқығын береді.