Жаңалықтар

Жаңаөзендегі ереуіл: «Өзенмұнайгаз» тәулігіне 100 тонна мұнай жоғалтып отыр

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Өзенмұнайгаз» мұнайшыларының ереуілі салдарынан компания тәулігіне 100 тонна мұнайды кем өндіріп жатыр. Бұл туралы брифинг барысында «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді. ҚМГ басшысы компания диалогқа дайын екенін мәлімдеп, ереушілерді жұмысқа оралуға шақырды.

«Ереуілден компания шеккен шығын мөлшері – тәулігіне шамамен 100 тонна. Күн сайын осындай шығынға ұшырап отырмыз. Қазір негізгі техника мен бригадалар бүгінде жұмысқа кірісті. Сондықтан өндіріс көлемін жылдам қалпына келтіреміз деген ойдамын», – деді ол брифингте.

Асхат Хасенов ереуілге шыққан мұнайшыларды жұмысқа оралуға шақырды. Оның айтуынша, жұмысшыларға жалған ақпарат жеткен.

«Біз бәрін жұмысқа шығуға шақырамыз. Бұл – ең бастысы. Екіншіден, адамдарға дұрыс ақпарат беріліп отырған жоқ. Егер ақпаратты дұрыс жеткізетін болсақ, оның ішінде БАҚ арқылы да, онда жұмысшылардың ереуілге шығуына еш себеп болмайды. Біз диалогқа дайынбыз», – деді Хасенов.

ҚМГ басшысы 22 қарашада жұмысқа шықпағандардың санын да нақтылады.

«Бүгін 141 адам жұмысқа шыққан жоқ. Қалғандары жұмыс істеп жатыр. 4630 адам жұмыста», – деді ол.

13 қараша күні «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшылары ереуілге шығып, бірқатар талаптар қойған еді. Алайда ҚМГ мұнайшылардың талаптарын толық орындай алмайтынын мәлімдеген.