Шринкфляция: тұтынушыларды алдайтын тәсіл ме, амалсыздан жасалатын қадам ба?
Дүкен сөресінен үнемі алатын шоколад не чипстеріңіздің көлемі азайып, бірақ бағасы бұрынғысынша қалғанын байқаған кезіңіз болды ма? Болмаса, осыдан біраз уақыт бұрын ғана алып жүргенде 0,3 литрлік сүтті коктеиліңіз қазір 0,25 болып кеткенін ше? Егер мұндай үрдісті байқасаңыз, онда мұның атауы шринкфляция екенін де біліп жүргейсіз. Бұл қандай құбылыс? Неліктен мұндай қадам жасалады? Осы мәселені талдайық.
Шринкфляция деген не?
Шринкфляция (ағылшынша shrink — қысқару, азаю) — тауар не қызметтің көлемі азайып, бірақ бағасы сол күйі қалатын жағдай. Кейде тіпті бағасы өсіп кететін қарама-қайшылық та болуы мүмкін. Өндірушілер осы қадам арқылы өндіріске кететін шығынды азайтады. Кейбірі сатып алушылар байқамай қалады деген оймен жасырын түрде қолданады. Аздап қана қысқартып, бағасын сәл ғана көтереді. Сонда ол әрі өндіріс шығынын азайтады, әрі пайданы арттырады. Түсінікті болуы үшін былай елестетіп көріңіз. Өзіңіз сүйіп ішетін түйіршік шай бар делік. Ол бұрын 500 грамдық қаптамамен сатылатын. Ал қазір салмағы 450 грамм болды. Оны жаһанға жариялап айтпағандықтан, алушылар тіпті байқамауы да мүмкін. Бағасын көтермесе, тіпті мән бермеуі ықтимал. Болмаса, кеше ғана барғанда дастарханға 6 бауырсақ қойған болса, бүгін бесеу болып қалады. Былай қарасаңыз, бауырсақтардың көлемі өзгермеді, бірақ саны азайды. Ал бағасы болса кешегідей — 1000 теңге. Мұндай жағдай аспаздың шатасып аз салып жібергені емес, кәдімгідей жоспарланған әдіс болып шығуы әбден мүмкін.
Бұл термин ағылшындардың shrink (қысқарту) және inflation (инфляция) деген екі сөзінің қосындысынан шыққан. «Қысқарту» деп өнімнің көлемі не санының азайғанын білдірсе, «инфляция» бағаның көтерілуі деген сөз. Шринкфляция терминін алғаш болып ұсынған адам ретінде британиялық экономист Пиппе Мальмгрен айтылады. Ол 1990 жылдары Билл Клинтонның әкімшілігінде Ақ үйде экономикалық мәселелер бойынша кеңесші болып қызмет атқарған. Мальмгрен — тарихтағы жаһандық экономика мен қаржы саласындағы мықты сарапшылардың бірі.
Шринкфляцияны инфляцияның жасырын түрі десек болады. Өйткені компаниялар азық-түлік бағасы өсіп кетсе, сауда күрт азайып қалады деп қорқып, оның орнына білдірмей, көлемін азайта береді. Сондағысы азғантай ғана өзгеріс көпшілікке онша байқалмайды деген оймен жасалады. Яғни компаниялар осы қадамға бару арқылы табысты баға көтеріп таппай, көлемді азайтып табады. Академиялық зерттеулердің нәтижесіне қарасақ, сатып алушылар алып жүрген тауар не қызметінің бағасы өсіп кетсе, оны онша жақтырмайды. Бірақ көлемі азайса, жүрекке жақын қабылдамауы мүмкін. Әрине, солай екен деп беталды азайта беруге болмайтыны белгілі. Тым шектен шығып кетсе, ол уақыт өте келе байқалып, беделден айырады. Жалпы алғанда шринкфляция тәсілін стратегия ретінде қолданған кезде тауардың түрі мен нарыққа да мән беру керек.
Шринкфляцияның басты себептері
- Өндіріске кететін шығын көбейіп кетеді. Мысалы шикізат, энергия, көлік не басқа да компоненттердің құны өсіп кетсе, демек өндірушілерге тауар жасауға кететін шығын да өседі деген сөз. Түсетін табысты сақтап қалу үшін олар өнімнің көлемін азайтуы мүмкін.
- Маржа қысқарып кеткен кезде жасалады. Нарықта бәсеке артып кетсе, өндірушілер маржа жақсы болуы үшін тауар құрамын қымбатырақ нәрсемен өзгертуі мүмкін. Мұндайда тауар бағасын өсіргеннен гөрі көлемді сәл азайтқан дұрыс деген шешім қабылдауы ғажап емес.
- Инфляция. Өндіріс шығындары инфляцияға байланысты өсіп кетуі мүмкін. Мұндайда кәсіпкерлер шыққан шығынды қайтару үшін шринкфляция әдісін қолданып жатады.
- Тауар бағасын бірден өсірмес бұрын жасырын түрде осы әдісті пайдаланатындар болады. Мысалы тұтынушы қаптамадағы өзгерісті байқамауы мүмкін. Сөйтіп бұрынғысынша ескі бағаға алып жүре береді. Егер байқалып қалып жатса, онда жай ғана бұрынғы көлемге ауыстырып, бағасын көтере салады. Шринкфляцияның қай себебі болса да нарықтағы жағдай мен өндірушінің стратегиясына қарай жасалады.
Шринкфляция мысалдары
Бұл нарыққа күні кеше енген жаңа ұғым емес. Сонау 1970 жылдардың өзінде Америкада осы әдіс қолданылып жүрген деседі. Бірақ қазіргідей терминмен аталмаған болса керек. Алғашқы мысалдары ретінде мұнай кризисі кезіндегі оқиғалар айтылады. Америкалықтар 80-жылдардың аяғында бір фунт кофенің орнына 13 унциядан алған. Болмаса, қаптамада 12 емес, 6 жұмыртқан сатылған дегендей.
Көпшілікке белгілі кейстердің бірі ретінде 2016 жылы Toblerone шоколадының қаптамасы, дизайны және көлемі өзгерген жағдайда айтса болады. Шоколад көлемі бұрын 170 грамм болған болса, кейін 20 граммға азайған. Мұндай өзгерісті көпшілік дереу байқап қалып, өндірушіге амалсыздан бұрынғы дизайнына көшуге тура келген. 2023 жылы Mars компаниясы мысықтарға арналған Whiskas тамағының салмағын 100 граммнан 85 граммға азайтты. Былайша айтқанда — 15%. Бірақ тамақ бағасы сол қалпы қалды.
Шринкфляцияны қалай байқауға болады?
Қақпанға түсіп қалғыңыз келмесе, онда тауар алғанда мына нәрсеге мән беруді әдетке айналдырыңыз:
- Зат алғанда салмағы мен көлеміне мән беріп, алдыңғы алған кезбен салыстырып жүріңіз. Мысалы, сүт 1 литр емес, 950 мл болып кетсе, демек мұндай шринкфляция жасалғаны.
- Қаптамадағы ұсақ қаріппен жазылған сөздерді мұқият оқыңыз.
- Қаптаманың дизайны өзгерсе, оған да мән беру керек. Кейде дизайнды ауыстыру арқылы назарыңызды басқаға аударуға тырысуы мүмкін.
Бұл стратегия қаншалықты тиімді?
Тұтынушы тараптан ғана емес, өндірушілердің де тарабын ескерейік. Жалпы алғанда елеусіз ғана мөлшерде өзгеріс болғанын көпшілік байқай бермейтінін күнделікті көріп жүрміз. Сондықтан бизнес үшін бұл стратегия тиімді деуге болады. Десе де, қауіп қоса жүретінін ұмытпаңыз. Олай дейтін себебіміз — тұтынушылар жағы бұл қадамға жағымсыз реакция білдіруі әбден мүмкін. Әлдекімнің осы туралы айтып, жария қылған видеосы желіге салынған бойда беделіңіздің быт-шытын шығарып жіберуі ғажап емес. Олай болса, шринкфляцияны стратегия ретінде қолданбас бұрын мына аспектілерге баса мән берген жөн:
- Табысты сақтап қалудың жалғыз жолы осы деп ойласаңыз. Өндіріс шығыны күн санап өсіп, бәсеке де артып жатқан кезде шринкфляцияның арқасында бренд табысын сақтап қалуға тырысады. Әсіресе, бағасын көтерсе шу шығып кетеді деп «қорыққан» кезде осы амал іске асады.
- Тауардың көлемін азайтып, бірақ бағасын сол күйі қалдырғаныңызды сауысқандай сақ тұтынушылар байқап қалуы мүмкін. Соның кесірінен брендке деген сенім азайып, сұраныс күрт төмендеп кетсе, таңғалмаңыз. Сондықтан бұл стратегияны таңдаған кезде әбден ойланып барып шешім қабылдауға кеңес береміз.
- Нарықтағы бәсекеге қабілетті сақтап қалу үшін осы қадамға баратындар болады. Өйткені кей салаларға осы шринкфляция нағыз керек стратегия болып шығуы мүмкін. Мұндайда нарықтағы үлесінен айырылып қалмас үшін бизнес амалсыздан осы тәсілді қолдануы мүмкін. Жалпы алғанда шринкфляцияның қаншалықты тиімді стратегия бола алатыны нақты жағдай мен салаға тікелей байланысты. Яғни барлығына бірдей келе бермейді. Кәсіп иесіне барлық жақсы-жаман тұсты таразыға салып, бизнес қандай тәуекелге бас тігіп тұрғанын ойлап, қауіпті тұстарды екшеуге тиіс. Себебі беделден айырылып қалуға болмайды.
Тұтынушылар құқығы туралы бірер сөз
Бір қарағанда шринкляция тұтынушылар құқығын бұзатын, қайшы келетін әдіс секілді көрінуі мүмкін. Бірақ шындап келгенде бұл жерде ешқандай заңсыздық жоқ. Бастысы бизнес иелері бұл туралы ақпарат берсе болғаны. Ол дегеніміз әлеуметтік желіде жазба қылып жазу емес. Қаптаманың сыртына нақты өлшемін, салмағын, санын жазуға міндетті. Егер өндіруші тарапынан шринкфляция жасалғанын байқасаңыз, онда мына амалдарды жасасаңыз болады:
- Егер бағасы бұрынғыша қалып, көлемі азайған өнімді алғыңыз келмесе, онда соның баламасын іздеңіз. Брендтерді салыстырыңыз. Қайсысы сізге тиімді ұсыныс беретініне анализ жасаңыз.
- Егер өндіруші мұндай қадамды жиі жасап, болмаса көлемін азайтқанына қоса бағасын өсірсе, онда бұл туралы желіге салып, жазба жарияласаңыз болады. Басқаларды да құлақтандырғанда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, сөзіңізге сенімді болып, барлық факт қолыңызда болсын. Яғни бір өндірушінің бағаны тым өсіріп, салмағын бірнеше рет өсіргенін дәлелдей алсаңыз, тұтынушы ретінде наразылығыңызды білдіре аласыз.
- Реттейтін органдарға жүгінетін жолды да ұмытпаңыз. Қаптамасында көрсетпей, тұтынушыларды алдап жүргеніне көз жеткізсеңіз, мұнысы — заңсыздық. Дәлелдің бәрін жинап, шағым қалдыруға құқығыңыз бар.