Жыл басталғалы адам ағзасын сатуға қатысты 22 қылмыстық іс тіркелді. Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар мен жеңгетай болу бойынша 119 қылмыс әшкере болды. Бұл жайында ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Шынар Көшербаева айтты.
ІІМ өкілінің мәліметінше, жыл басынан бері адам саудасына қатысты 197 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің 116-бабы бойынша (Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу) 22 іс әшкере болған.
«Адамды қанау мақсатында ұрлау – 1 іс, қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру – 4 іс, адам саудасы бойынша 17 іс тіркелді. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартуға қатысты 15 қылмыс әшкере болды. Кәмелетке толмағандарды сату – 6 іс тіркелді»,- деді Шынар Көшербаева.
Жезөкшелікпен айналысуға тарту ісі де тыйылмай тұр. Спикердің айтуынша бұл бағытта да 13 қылмыс анықталған. Сонымен қатар, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру, оларды ұстау немесе жеңгетай болу бойынша 119 іс тіркелген. ІІМ өкілі Қазақстанда адам саудасы әлі де тыйылмай тұрғанын жасырмады.
«Өкінішке қарай, адам саудасы әлі де таралуын жалғастыруда. Бұл құбылыс іс жүзінде жыныстық және еңбек қанауы, бала саудасы, адам ағзаларының саудасы, қайыршылыққа тару сияқты түрлерімен сипатталады. Сондықтан бұл құбылыспен күресу үшін оның барлық түрлерін қамтитын жүйелі шаралар қажет»,- деді ІІМ өкілі «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды орындау тақырыбында өтіп жатқан дөңгелек үстелде.